РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ АЯСЫНДАҒЫ АЙТЫС

Аймақтық деңгейде ұйымдастырылған айтысты Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Балшекер Өтегенова ашып, құттықтау сөз сөйледі. Сонымен бірге, Садық Ахун Қодарұлының діни қайраткер болғанын кеңінен айтып, атақты Қаныш Сәтпаевты емдеген тұлғаның емшілік қасиетіне тоқталды. Айтысқа қатысушы ақындарға сәттілік тілеп, аудан әкімдігінің қолдауымен өткізіліп жатқан жыр додасы алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
Айтысқа төрелік еткен Заметдин Ибадуллаев бастаған қазылар алқасының шешімімен айтыстың бас жүлдесін, 150 000 теңгелік ақшалай сыйлық пен алғыс хатты Тараз қаласынан келген Рай Дөңбай иеленді. 100 000 мың теңгелік қаржылай сыйақысы бар І орынды Сырым Әділбеков /Қармақшы ауданы/, 80 000 мың теңгелік қаржылай сыйақысы бар ІІ орынды Бексұлтан Орынбасаров /Арал ауданы/, 50 000 мың теңгелік қаржылай сыйақысы бар ІІІ-орындарды Мұхаммеджан Мансұров /Сырдария ауданы/ және Нартай Тілеуқұл /Ақтөбе қаласы/ жеңіп алды. Ал, Садық ахун Қодарұлы атындағы арнайы жүлде және 60 000 мың теңгелік қаржылай сыйақы Шымкент қаласынан келген ақын Дәурен Ысқаққа бұйырды.
Қалған қатысушылар ынталандыру сыйлықтарын иеленіп, 30 000 мың теңгеден қаржылай сыйақы алды.
Айтыстан соң қатысушыларға арналып ас беріліп, Садық ахун Қодарұлының рухына Құран бағышталды.