ЖЫРАҚТАҒЫ ЖЕРЛЕСІМІЗ ТУҒАН ЖЕРГЕ ЖАНАШЫРЛЫҚ ТАНЫТТЫ
- Күн сайын Қазақстанның жаңалықтарын үзбей тыңдап, оқып отырамын. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы санамыздың ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс екендігін есімізге салды. Білімді, көзі ашық болуға ұмтылу-біздің қанымызда бар қасиет. Қазір жаңалығы жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда тек білімді адамдар ғана табысқа жететіні анық. Елімнің медицина саласына тың жаңалықтар әкелсем деген ниетпен шетелдерде білім алып, тәжірибе жинаудамын, -дейді Польшада тұратын жерлесіміз Елтай Рахманов.
Ұлы Отан соғысының ардагері, аралдық Дабыл Қалыбаев ұзақ жылдар ауыл шаруашылығы саласында абыройлы еңбек еткен, өмірден көргені көп, түйгені мол жан болатын. Екі қызының ортасында ұлы – Өтемұраты кезінде Арал кеме жөндеу зауытында қайық құрастырушы болып отыз жылдан астам уақыт еңбек етті. Еңбекқорлығы мен тиянақтылығының арқасында еңбек озаты атанып, ортасына сыйлы болған Өтемұрат Қалыбаев бірнеше рет аудандық кеңестің депутаттығына сайланып, халық сенімінен шыға білді. Ал, жары Мәрияш әкесі Рахим Тәжікстанда дүниеге келіп, тағдырдың жазуымен Арал топырағына табаны тиген тәжік ұлтының өкілі еді. Өнегелі ұл-қыз тәрбиелеп өсірген Өтемұрат ағамыз бен Мәрияш апамыз бүгінде жан-жақтағы балаларының тілеуін тілеп, немерелерінің қызығына кенелуде.
Балаларының кенжесі Елтай кішкене кезінен оқуға алғыр болды. Көп балалы отбасында өскендіктен бауырмал, еңбекқор болып ержеткен ол, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің «Емдеу» факультетін үздік тәмамдады. Одан соң бір жыл Польша мемлекетінің Познань қаласындағы Адам Мицкевич университетінде «Лэйн Киркланд» бағдарламасының қолдауымен Ал, «Денсаулық сақтау басқару» мамандығы бойынша тағлымдамадан өтті. «Поляк реабилитациялық жүйесін қазақи жағдайға бейімдеу мүмкіндіктері» жөніндегі зерттеуін Адам Мицкевич университеті мен Кароль Марцинковский атындағы Познань медициналық ғылымдар университетінде сәтті жүргізе де білді.
Елтай Өтемұратұлы 2012-2013 жылдары Италия елінде Еуропаның озық тәжірибесін енгізуді мақсат еткен «Erasmus Mundus TOSKA” бағдарламасы бойынша адаптациялық және профилактикалық спорт ғылымы бойынша магистратураны үздік аяқтайды.
- Адаптациялық және профилактикалық спорт бойынша магистратура менің кәсіби-ғылыми бағытыма сәйкес келді. Біріншіден, салауатты өмір салтын насихаттау, егде жастағы және мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналып бейімделген спорт шаралары, қартаюдың алдын алу және Л`Акуила Университетінің Қазақстанмен орнатқан тығыз қарым-қатынасы болашақтағы жобаларымның жергілікті пофессорлар тарапынан қолдау табатындығына үлкен сенімділік берді. Италия-керемет ел! Әрбір бұрышының өзіндік тарихы бар. Халқы ақ көңіл, көмектесуге дайын тұрады. Ал, университетінде білім беру сапасы өте жоғары. Университет профессорлары мен курстастарымның оң көзқарастары динамикалық және қызықты ғылыми орта құруға себеп болды. Халықаралық байланыстар кеңсесі Қазақстанмен серіктестік тақырыбындағы түрлі шараларға жиі шақыратын. Кәсіби тәжірибе кеңсесі тәжірибеден өтуге алуан түрлі тақырыптар ұсынып, өте тиімді қызмет атқарды,-дейді Л`Акуила университетінде адаптациялық және профилактикалық спорт ғылымы магистрі дәрежесін иеленген Елтай Рахманов.
Орыс, ағылшын, түрік, итальян, қытай тілдерін жетік меңгерген жерлесіміз Түркия, Иран, Ирак мемлекеттерінде өткен түрлі конференцияларға қатысып, баяндамалары әлем ғалымдары тарапынан жоғары баға ие болған. «Қай елге барсам да, шетелдіктердің Қазақстанның табиғи ресурстарға ғана емес, адами құндылықтарға да бай, ұлттық дәстүрлерін сақтаған, бауырмал, қонақжай, өнерпаз ел екендігін айтқанда бойымды мақтаныш сезімі кернейді» дейді жас дәрігер.
2014-2016 жылдары Қытай елінде докторлық зерттеуін жүргізген Елтай жергілікті қазақтардың және басқа да аз ұлт өкілдерінің тұрмыс-тіршілігімен танысуға мол мүмкіндік тигенін, сондай-ақ, екі миллионға жуық студент білім алатын жергілікті қандастарымыз бен білім алуға елден келген мыңға тарта қазақ жастары болғандықтан, ұйымдастырған барлық шараларының кең көлемде өткендігін айтады. Қытайдың Ухан қаласындағы Орталық Қытай ғылым және технология университетінде жүргізген докторлық зерттеуі тізе жарақатынан кейінгі реабилитация және тізе шеміршегі мен сіңірінің регенерациясына бағытталған екен. Ал, Қытай реабилитация әдістерінің әлемдік деңгейде маңызы бар. Зерттеу мен клиникалық жұмыстан қолы босаған уақытта Қытайдағы шетелдік студенттердің хирургиялық қоғамында спорт медицинасындағы шұғыл хирургиялық көмек туралы дәрістер де жүргізген.
PhD докторы, дәрігер Елтай Рахманов Польшаның Гдыня қаласындағы Померания қолданбалы университетінің зерттеушісі ретінде ортопедиялық хирургияның қалпына келтіру медицинасы саласы бойынша да маманданды. Шаңырақ көтеріп, өзі секілді ғылым жолында жүрген Құндыз атты арумен бас қосты. Польшадағы медициналық білім беру сапасын басқару бағытында жүргізген ғылыми жобасын тәмамдаған соң, Италияға жұмысқа шақырту алған Елтай қазіргі кезде Италияның MAGI Халықаралық медициналық генетика ғылыми-зерттеу институтында дәрігер-зерттеуші болып қызмет атқаруда.
-Бұл ғылыми орталықтың мақсаты-сирек кездесетін және тұқым қуалайтын дертті анықтап, осы салада ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу. Менің құзыретіме осы кезге дейін өзім оқып, қызмет атқарған елдермен байланыс және институттың тәжірибесін бөлісу, сонымен бірге, институттың пациенттеріне сауықтыру, оңалту ем-шараларын тағайындау кіреді. Туған жерден алшақтамаудың жолы-елмен байланысты жобаларды іске асыру. Осы орталықта жұмыс жасау барысында MAGI-дің М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетімен серіктестік орнатуға атсалыстым. Екі жақты серіктестіктің алғашқы жемісі-аталмыш университеттің докторанты Айгүл Жаңабаеваның біздің институтқа келуі. Оның докторлық жұмысы қоршаған ортаның әсерінен болатын жүрек-қан тамырлары жүйесіндегі өзгерістерге арналған. Сондай-ақ, осы диссертацияның бір бөлігі Арал аймағындағы қоғамдық денсаулық ауруларына арналады,-дейді ол.
Тағы бір қуанышты жаңалық - Елтай Рахмановтың Арал теңізі аймағының тұрғындарын сауықтыру және мүмкіндігі ерекше тұлғаларды оңалту тақырыбында ұсынған жобасы Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының ұйымдастыруымен қараша айында Женевада өткен «Сауықтыру» Ғаламдық VII форумында жоғары бағаланды. Соның нәтижесінде, Арал аймағына арналған маңызды жобалары қолдау тауып, ұйымдастыру жұмыстарын бастап та кетті.
«Туған елім Қазақстанға пайдамды тигізсем» деген мақсатпен ілім іздеп әлемнің бірнеше елдерінде медицина саласы бойынша білімі мен тәжірибесін жетілдіріп жүрген жерлесіміз Елтай Рахмановтың ізденісті де жемісті жолы-талабы мен мақсаты мол жастарға үлгі. Аралдың алғыр ұлының Қазақстан медицинасына өзіндік жаңалық әкелетініне сеніміміз де мол.
...Екі дәуір түйіскен өліара шақта елімізге түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Ол мүмкіндікті жүзеге асыратын, әрине, Елтай сынды білімді жастар.
Л. ӘЙТІМОВА.