ҚЫЗЫЛОРДАДА 230 ПӘТЕР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Жаңа жыл қарсаңында Қызылорда қаласында 230 отбасы Сырдария өзенінің жағалауы маңында орналасқан Демесінов көшесіндегі жаңа тұрғын ауданында баспана алды.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пәтер иелерін келе жатқан Жаңа 2018 жыл және қоныс тойларымен құттықтады.
«Алаштың анасы - Сыр өңірі қарқынды құрылыс алаңына айналды. Биылдың өзінде 61 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде жеке инвесторлардың өз қаржысы есебінен
957 пәтерлік 24 көпқабатты тұрғын үй, мемлекеттік бағдарламалар арқылы 2 мың 14 пәтерлі 37 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Бүгінге дейін соның ішінен 34 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, ал енді тағы да 230 отбасы жайлы да, жарық баспаналы болды. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! Шаңырақтарыңыз шаттыққа толып, баланың күміс күлкісіне бөленсін», - деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, бүгін 3 бөлмелі пәтердің кілтін алған жеке кәсіпкер, 3 баланың әкесі Руслан Арыстанбеков жаңа үй тұрғындарының атынан алғысын білдірді. «Бүгін барлығымыздың арманымыз орындалды деп ойлаймын. Аймақ басшылығына зор алғысымды білдіремін. Осы үйлерді салған құрылысшыларға да көп рахмет», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Демесінов көшесінен құны 2 млрд. 637 млн. теңгені құрайтын, жалпы ауданы 15,6 мың шаршы метр болатын 230 пәтерлік 4 көпқабатты тұрғын үй «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» акционерлік қоғамы арқылы салынды. Құрылыстың бас мердігері - «Бақ-Береке-2030» ЖШС.