СЫР БОЙЫНДАҒЫ ШАҺАРЛАР
Сананы жаңғырту жұмысы мәдени жадқа, символикалық, киелі және мәдени-тарихи заттарға негізделуі тиіс. Киелі жерлер немесе рухани қасиетті орындар – халықтың рухани дәстүрінің тірегі. Сыр бойында осындай орындар көп. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы ұлттық нышандарды, қазақстандық ұлттық бірегейліктің каркасын анықтауға мүмкіндік береді.
«Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі», – деген еді Елбасы өз мақаласында.
Сыр өңірін археологиялық тұрғыдан зерттеудің бірнеше бағытта өрбігендігін аса маңызды ашылулармен атап өтуге болады. Арал маңының неолит және энеолит дәуірлеріне, географиялық кең түсінікпен қарағанда, ортаазиялық «қосөзен» Сырдария мен Әмудария аймағында ежелден өркениеттер ізі сақталған. Өлкемізде біздің заманымыздан бұрынғы VI-III мыңжылдықтардың өзінде туыстас тайпалардың қоныстануы аңғарылады. Олардың экономикасы қарапайым, яғни, аңшылық және балық аулау кәсіптері еді.
Бұл мәдениеттің үлкен тұрақтары (Сексеуіл, Көнту, Ақеспе, Қарасандық, Шөлқұм, Тәмпі, т.б.) Солтүстік Арал маңы мен Кіші Борсық құмдарынан табылды. Олар өмір сүруге жайлы, суға жақын аймақтарда орналасқан. Тастан жасалған еңбек құралдарынан басқа, қой, сиыр және құланның сүйектерінің табылуы алғашқы қауымдық тайпалардың отарлап мал өсіру кәсібіне өткендігін көрсетеді.
Міне, атам заманнан өркениет ізі өшпеген Сырдың бойы әр төбесі қасиетті жер болып табылады. Сол себепті, тарих көзімен қарағанда кешегі, яғни кейінгі ортағасырлық пантеонға айналған ірі қорымдар немесе киелі саналып кеткен тарихи орындарға тоқталмас бұрын өңіріміздің киелі (қасиетті) орындарының орналасуы, мерзімделуі және ерекшеліктерін талдауды жөн санадық.
Қола дәуірінің қолтаңбасы
Солтүстік Түгіскен кесенелері. Қола дәуірі Сыр өңірінде қызықты ескерткіштерімен танымал. Солардың бірі – кейінгі қола дәуіріндегі көсемдер жерленген орын Солтүстік Түгіскен қорымы. Қорым Іңкәрдарияның құрғап қалған арнасын бойлай 400 шаршы метрге жуық ауданды алып жатқан 20-ға жуық ірі және шағын жерлеу құрылыстарынан тұрады. Олар қамкесектен тұрғызылған және айнала жапсарласқан немесе жанынан топтасқан әртүрлі форма мен өлшемдегі жерлеу құрылыстарынан тұратын үлкен кесенелердің қиранды түрінде болып келеді.
Солтүстік Түгіскен қорымы – Орталық Азия мен Қазақстандағы қабірүсті құрылысының көлемі мен күрделілігі жағынан, сондай-ақ, қабірге салынған заттарының байлығымен және молдығымен қола дәуірінің теңдесі жоқ бірден-бір ескерткіш.
Сақтардың киелі орындары
Ұйғарақ және Оңтүстік Түгіскен қорымдары. Сақтардың Оңтүстік Түгіскен деп аталатын обалы қорымы. Ол екі кешенге бөлінеді, бірінші кешен 9, екіншісі 27 обадан тұрады. Оңтүстік Түгіскеннің барлық сақ обалары б.з.б. VII-V ғасырларда. тұрғызылған.
Ұйғарақтағы сол заманның 80 обасы үш топқа: шығыс, орталық және батыс топтарға шоғырланған. Ұйғарақ пен Түгіскенде жерлеу құрылыстары әртектес болғанмен, жерлеу ғұрпы бірдей болып келеді.
Ұйғарақ пен Оңтүстік Түгіскеннің құм үйінділері астынан алуан түрлі жерлеу құрылыстары қазылып ашылды. Жерлеу құрылыстарының осындай әртүрлі болуы, шамасы, отбасылық қатынастар жүйесін ғана емес, сонымен қатар, әлеуметтік кұрылымды, рулық қауымның эволюциясын да көрсетсе керек. Бұл, әсіресе, Ұйғарақ қорымындағы әртүрлі обалар топтарының үлгісінде ерекше айқын байқалады. Абыз әйелдер көп жерленген шығыс топтың молаларында кейінгі қола дәуірінен келе жатқан ғұрып-дәстүрлер айқынырақ байқалады.
Табылған көптеген және алуан түрлі заттар б.з.д. VII-V ғасырларда Аралдың шығыс өңірін мекендеушілердің материалдық мәдениетінің бейнесін толық сипаттайды. Көптеп табылған заттардың қатарына жапсырылып істелген жергілікті ыдыстар мен құмырашы ұршықшасында жасалған керамика, қола пышақтар, киім әшекейлері мен сәндік бұйымдар, тас құрбандық ыдыстары мен жануыштар, ат әбзелдері мен қару-жарақтар жатады.
Ұйғарақ пен Түгіскеннің жерлеу мүліктерінің ішінде бейнелеу өнерінің көзтартар үлгілері де кездеседі. Бұлар – ер-тұрмандағы, алтын қаптырмалардағы, алтын шеттіктердегі хайуандардың бейнелері. Хайуанаттар бейнелерінің арасында бұғы, киік, жылқы, таутеке, қабан, арыстан, барыс не қабылан, жыртқыш құс, түйе бар. Бұл заттардың жасалу әдістері мен стилі Арал өңірі сақтарының мәдениетін скифтік-сібірлік өнер дүниесіне енгізеді.
Құйрығының ұшы мен аяқтары иілген, құлағы айқын көрінбейтін, көзі мен мұрны бір сызық бойында жатқан концентрациялық шеңберлер түріндегі, денесінің бұлшық еті білемделген Ұйғарақ тоғалары – Еуразияның ежелгі аң стилінің үлгілері, олардың скиф өнері заттарына ұқсастығы байқалады.
Құмға көмілген қалалар.
Шірік-Рабат мәдениеті
Еліміздің тарихында алғашқы егіншілік мәдениетінің ірі ошағы, қала мәдениеті, қорғаныс жүйесі дамыған бекіністері және жерлеу ғұрыптары ерекше. «Шірік-Рабат мәдениетінің» жайлаған аймағы Қармақшы ауданы жерінде орналасқан. Бұл өркениет б.з.д. IV-II ғасырларда қанатын жайып, Шірік-Рабат қаласы Арал маңы сақтарының «дах» деп аталатын тайпасының діни-рухани астанасына айналған.
Бұл мәдениетке Жаңадария бойындағы айналасында жергілікті қоныстар кешені мен дамыған суландыру жүйелері бар, көлемі кішірек, бекіністі Бәбіш мола қала жұрты да жатады. Шірік-Рабат мәдениетіне жатқызылатын осы тектес тағы бір ескерткіш – Баланды қалашығы. Оларға жақын маңда зәулім жерлеу құрылыстары бар. Оларда жергілікті ақсүйектер жерленген және алуан түрлі жерлеу мүліктері қойылған.
Мысалы, Баланды-2 кесенесі осы уақытқа дейін Орта Азияның антикалық кезеңінің архитектурасында ең ежелгі қүмбезді сәулет өнерінің ескерткіші болып табылады. Бұл – жоспары шеңберлі құрылыстың диамерті – 16 м, қабырғасының биіктігі – 4,5 м. Ғимарат аузы онтүстік бөлігінде орналасқан және арка түрінде әсемделіп салынған. Ғимараттың орталық бөлігінде диаметрі 5,5 м, шеңберлі бөлме орналасқан. Ішкі және сыртқы қабырғаларының арасы – 2,3 м, бұл арада жеті бөлме орналасқан. Бөлмелердің ауыздары бір-біріне жалғаса салынған.
Ескерткіштің мерзімі мен архитектурасына тоқталсақ, нағыз күмбезді құрылыстардың пайда болуы және кең таралуы римдік архитектурасында тек мемлекеттің соңында ғана жүрді. Алғашқы сипатталған күмбездер Витрувияға жатады (б.з.д. І ғ.). Рим архитектурасындағы ежелгі күмбезді құрылыстар шамамен осы кезеңге мерзімделеді. Ал Баланды-2 ескерткішінің мерзімі б.з.д. ІІ ғасырда әрі, яғни б.з.д. ІV ғасырда салынған деуге негіз бар. Егер ол б.з.д. ІV ғасырда жататын болса, онда апасиактардың күмбезді құрылыстары Рим империясының пайда болуына дейін екі жүз-үш жүз жыл бұрын белгілі болған.
Жетіасар жазирасында жайқалған шаһарлар
Шірік-Рабат мәдениеті өмір сүруін тоқтатқаннан кейін, қазақ ғана емес, Орта Азия халықтары этногенезінің қалыптасуында орасан зор орны бар, дамып-гүлденуі мыңдаған жылға созылған атақты жетіасар мәдениеті Қуаң бойында қанатын жаяды. Бұл оазисте б.з.д. I мыңжылдықтың соңы мен б.з. VIII-IX ғасырларға дейін тіршілік ошағы болған жалпы саны шамамен 50-ден аса қамал-қала бой көтерген. Оның 27-сі Жетіасар алқабында 5-7-ден топ-топ болып, Сырдарияның көне салаларының бірі Қуаңдария мен Ескідариялықтың ондаған ұсақ тарамдары мен қолдан қазылған оман арықтарының бойына салынған. Олардың қазіргі үйіндісінің биіктігі 18-20 м-ға жетеді. Асарлардың барлығы әртүрлі-деңгейде жасалынған қорғаныс жүйелерімен қоршалған. Қорған іші тұрғын үй, зәулім сарай және қолөнер шеберлері тұратын бөліктерге бөлінген.
Біздің пікірімізше, мыңдаған жыл тіршілігі тоқтамаған жетіасар жазирасындағы өркениеттерден сақталған қалалардың барлығы қасиетті орын болып табылады.
Ортағасырлық ордалы қалалар
Оғыз-қыпшақ кезеңінде орын алған үздіксіз соғыстар мен қақтығыстарға, саяси-этникалық жағдайлардың шиеленісуі мен өлкедегі табиғи-экологиялық ахуалдың өзгеріске ұшырауына қарамастан, Сырдарияның төменгі ағысын мекендеген тұрғындар IX-XII ғасырларда. осы аймақта ортағасырлық қала мәдениетін жасап, дамыта алды. Сырдарияның ескі арналарының бассейндеріндегі оғыз-қыпшақтардың бекініс жүйесі мықты қалалары олардың көршілес Хорезм және Шығыс Еуропа елдерімен арадағы саяси, экономикалық, мәдени байланыстарында маңызды роль атқарды.
Сырдың бойында жүздеген ортағасырлық қалалар бар. Бірақ, олардың ішінен оғыздардың астанасы болған Жанкент, Жент, қыпшақ хандығының, Ақ Орда мемлекетінің және Қазақ хандығының астанасы – Сығанақ қалашықтары ортағасырлық киелі мекендер санатына жатады. Оларға атақты Асанас, Баршынкент, Сауран сияқты ірі шаһарларды қосуға болады.
Кесенелер қасиеті
Бұл кезеңге жататын Қызылорда облысы аймағында бірнеше жүздеген қасиетті орындар бар. Соларды қысқаша талдап, алдыңғы зерттеулерге тоқталсақ.
Мемориалды-ғұрыптық құрылыстардың (туыстық қорымдар (молалар) және ірі туыстық жерлеу қорымдары) Арал маңындағы малшы-көшпенділердің индикаторы ретінде тарихи маңызы зор. ХІV-ХVІІ ғасырларда қазақ халқының ғұрыптық сәулет өнері: тастан жасалған, қамкесектен және күйдірілген кірпіштен тұрғызылған кесенелер, «төртқұлақ» түріндегі қоршаулар, саркофаг-жәшіктер, бағана тастар (құлпытастар) және т.б. мемориалды-ғұрыптық кешеннің қалыптасуына негіз болды.
Ғұрыптық құрылыстардан Ақтас, Балдық және Қалжан ахун мешіттері қызығушылық тудырады. Ақтас мешіті Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы монументалды-күмбезді құрылыс болып табылады. Мешіттің ғимараты күйдірілген кірпіштен тұрғызылып, негізгі жоспарында шаршы пішінді болып келеді. Қазіргі кезде ғимараттың ішкі көрінісіне өзгерістер енгізілген.
Сырдарияның төменгі ағысындағы белгілі Қалжан ахун мешіті көркемдік және тарихи маңызға ие.
Дала күзетшісі секілді алыстан мұнарланып тұратын мұнаралар Сырдың төменгі ағысы аймақтарында ғана кездеседі. Олардың саны 50-ге жуық. Мұнараларға ғылыми-зерттеулер жүргізген архитектор Э.Байтенов оларды тек Сыр өңіріне ғана тән екендігін айтады. Бегім ана, Сараман Қоса және Ұзынтам мұнараларын бүгінде халық киелі санап кеткен.
Сырдың ежелгі арналары Іңкәрдария мен Жаңадария бойында қарахандар дәуіріне жататын ерекше сәулет өнерінің туындылары орналасқан. Іңкәрдария Сырлытамы мен Жаңадария Сырлытамы кесенелері Сыр бойындағы күйдірілген кірпіштен салынған ғұрыптық құрылыстардың сақталған алғашқы үлгілері болып табылады.
Ортағасырлық кесенелер қатарында – Оқшы ата, Асан ата, Жүніс ата, Қасым ата кесенелерінен сәулет өнерінің ерекше белгілерін байқауға болады. Алғашқы екі ескерткіш Сырдарияның төменгі ағысындағы (ХІ-ХІІ ғасырлар) тұңғыш мұсылмандық кесенелердің қатарында және құндылығы жағынан зор маңызға ие. Қызылордадан Сығанаққа барар жолда орналасқан бұл ірі қорым оғыз-қыпшақ дәуірінің пантеон десек те болады.
ХVІ-ХХ ғасырдың басындағы кесенелер тобы күйдірілген кірпіштен тұрғызылып, Сырдарияның төменгі ағысы бойына ислам дінін әкелген араб дін таратушыларының ұрпақтарымен байланысты – Мүлкәлән (Молда-калан), Қорасан ата, Қылышты ата, Асанас ата, Қожан Қожа, Сүнбибі (Шынқыз әулие), Құлболды ишан, Айқожа ишан, Қарасопы кесенелерін атауға болады.
Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы алғашқы ғасырлармен байланысты ескерткіштер – атап айтсақ, найман тайпаларының негізін қалаушылардың бірі Төлегетай ата кесенесі. Қамкесектен тұрғызылған ғұрыптық қоршаулар Алатағы қорымы мен Белең ана, сондай-ақ атақты мерген Байғана кесенесі, Бөрібай батыр және Бесқыз қорымындағы (Бестам) кесенелер де ерекше сәулет өнерінің туындылары. Олар Сарысу өзенінің төменгі ағысы мен Телікөл (Телекөл) көлінің маңайында орналасқан.
ХІХ-ХХ ғасырдың бас кезеңіне жататын кесенелер зиратхана (тілеухана) – ғұрыптық іс-әрекеттерге, Құран және намаз оқуға арналған бөлмесі бар кесенелер тобы Сарысу өзенінің төменгі ағысы мен Телікөл (Телекөл) көлінің маңайында ғана кездеседі. Бұндай кесененің композициясынан осы өңірге тән қазақ кесенелеріндегі екі камералы құрылысты архитектуралық нұсқаның қалыптасқанын көреміз. Оның жоғары деңгейдегі көркем үлгілері Құлтан, Мұқылтам (қазіргі кезде сапалы жөндеу жұмыстары жүргізілді), Ахмет ишан, Ақтай кесенелері.
Сарысу өзенінің төменгі ағысындағы мемориалды қоршаулар соның ішінде Шағатай қорымындағы қоршаулар. Осы құрылыстарға тән ерекшелік-ескерткіштердің жоғары деңгейдегі тепе-теңдігі (тіпті біреуі қисық сызық сұлбалы болып келген құрылыспен жабылған). ХХ ғасырдың бас кезеңіне жататын күйдірілген кірпіштен соғылған қоршаулар осы аймақта анықталып, зерттелді. Олар Бәтеш тамы, Едігенің мемориалды қоршауы, Сарымола (Қызылмола) екі қоршауы.
Қызылорда қаласынан батысқа қарай, қамкесектен тұрғызылған қазақтың күмбезді ескерткіштері қызығушылық тудырады. Олар әртүрлі композициялық тақырыптағы Көтібар батыр кесенесі, Қосүйтам деп аталатын (Нияз және Мәмбетбақи), Пұсырманбай (ішінде араб графикасында жазылған бедерлі жазуы бар құлпытас орналасқан), Байсалбай, Жеңістам (Жиенес), Жылкелді, Толыбай батыр кесенелері.
Күйдірілген кірпіштен тұрғызылған Сырлыбай, Келімбет және Құттыбай кесенелерінің ерекшелігі – күмбезінің нақышты, әдемі болуында. Күмбездің сапалы қаландылары ішкі жағында айқын көрінеді, тегіс қатарлы қаландылар күмбезасты құрылыстармен үйлесе қиюласқан. Олардың арасында көркемдік мол безендіруге ие Құттыбай кесенесі.
Мавзолейлер сыртқы фасады өте бай безендірілген және өзіндік сипаты бар күмбездерімен ерекшеленеді. Мысалы, Құттыбай мавзолейіндегі кірпіштен қолдынылған безендірілу элементтері, бүгінгі таңда осы өңірдегі ұста-шеберлердің ағаштан жасалған түрлі композицияларында орын алған.
Бастауын ежелден алған, XVIII ғасырдың аяғы – XIX ғасырға жататын, өзіндік архитектуралык ерекшелігі бар қазақ мавзолейлері, мешіттері және мұнаралары Орта Азия және Қазақстан архитектурасында ғылыми қызығушылық туғызып отырған қазақ халқының ерекше архитектуралық туындылары Сырдың қасиетті жерлерінің географиясын байыта түсері сөзсіз.
Ежелгі дәуірлерден өркениет ізі өшпеген Сырдың бойы әр төбесі қасиетті жер болып табылады. Сыр бойының қасиеттті жерлерін зерттеу Сыр халқын, оқушылар мен жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу және өлкеміздің тарихын мақтан ету, мұраларымызды қастерлеуге игі әсерін тигізер еді.
Әзілхан ТӘЖЕКЕЕВ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Археология және этнография»
ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі.
Шахизада ЕРГЕШ,
И.Панфилов атындағы №5 мектеп-лицейінің оқушысы.