ЕЛ ТАРИХЫ ЕСКЕРТКІШТЕРДЕ ТҰР
Ескерткіштер қашаннан тарихтың құнды жәдігерлері ретінде өз маңыздылығын жойған емес. Себебі, оларды өткен күндердің өшпес өнегесі деп бағалаймыз.
Кезінде жауынгерлер, балалы аналарды бейнелейтін тас мүсіндер қатары көп еді. Қазір олар қайта жаңғыртылды. Ел қорғаған ерлердің, шаршы топта қара қылды қақ жара төрелігін айтқан би-шешендердің ескерткішін орнату жолға қойылды. Бұл игі бастама біздің аймақта да жарқын көрініс тапқан. Елбасының "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы бұл бағыттағы бастамаларға тың серпін бермек.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты 79 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың 4 республикалық, 31-і жергілікті және 44-і алдын-ала есепке алынған. Оның ішінде 16 ескерткіш, 19 ғимарат, 14 бюст, 6 мұнара, 8 кесене, 2 көпір, 2 мешіт, 1 шіркеу, 3 тұрғын үй бар. Мамандардың айтуынша, қазір оларға қорғау тақталары орнатылып, төлқұжаттары әзірленген. Сондай-ақ, жыл сайын сақтау және пайдалану бағытында бірқатар шаралар жүргізіліп келеді.
«Мәдени мұра» өңірлік бағдарламасына сәйкес, облыстың 70 жылдығы мен Қызылорда қаласының 190 жылдығына орай даңқты қолбасшы Жалаңтөс баһадүрдің зор тұлғалық болмысын айшықтай түсу мақсатында ескерткіш орнатылды. Сонымен қатар, Сыр Сүлейлері, Абай аллеялары және қазақ халқының даңқты қолбасшысы – Бұхарбай батырдың 200 жылдық мерейтойына арналған мәдени нысан бой көтерді. Алаш қозғалысына 100 жыл толуына орай ашылған көрнекті тұлға Мұстафа Шоқай ескерткішінің де біздер үшін шоқтығы биік. Өйткені, олардың қай-қайсысын алып қарасаң да аймақтың өткенінен тағылымды сыр шертеді.
Дария бойында орын тепкен «Сыр ана» монументінің биіктігі 39 метрді құрайды. Оның стелласы сәукеле тәріздес. Ескерткіштің сәулеттік пішіні биіктеген сайын өз діңгегіне айнала оралып, қазақ әйелінің сұлулығын паш ететін мүсінін сомдайды. Сыр өңірінің ерекшеліктерін айқындайтын бұл кешеннің басына сәукеле киген, мың бұралған қыпша бел нәзік жанның тұлғасы бейнеленген.
Ал, «Сыр сүлейлері» аллеясының қақ ортасында ескерткіш орнатылған. Онда қобыз бен домбыра бейнесіне қосақталған қалам мен найза бейнеленген. Кезінде жыраулар ел қорғаған баһадүр жандардың қайратына қайрат қосып, елдің тыныштығы мен бірлігін сақтауға күш салды. Оның қос қанатында аймақтағы бұрынғы астаналар жайлы құнды деректер жазылған. Сондай-ақ, Қорқыт пен қазақ ауыз әдебиетінің жанрлары туралы, «жыршы», «сүлей» ұғымдарына түсінік берілген. Аллеяны аралап шыққан әрбір адам аймақтың айшықты мәдениеті жайында толық мағлұмат алуға мүмкіндігі бар.
Соңғы жылдары осындай туындыларды қамқорлыққа алып, қайта жаңғырту – басты назарда ұсталып отыр. Осыған орай бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, облыс орталығында орналасқан республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші «Айтбай» мешітіне күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар, биылғы жылы қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдық нысан қайта абаттандырылды. Ал, Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығына арналған кемеңгер тұлғаның ескерткіші де мемлекет қамқорлығын айрықша сезініп келеді.