БАҒДАРЛАМАЛЫҚ МАҚАЛА БАҒЫТЫМЕН
Қалыптасқан Қазақстан және халықаралық аренадағы ел беделінің жоғарылығы әлемдік қауымдастықтағы саяси ақиқат. Бүгінде еліміз дамудың жаңа кезеңіне өтіп отыр. Осы жылдың басында Мемлекет басшысы Жолдауында жаһандық бәсекелік қабілет шарттарындағы Қазақстанның үшінші жаңғыруын жариялады. Ал Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласы осы үшінші жаңғыру кезеңіндегі маңызды тарихи құжат болып табылатындығы анық. Ұлт көшбасшысы жаһандану кезеңіндегі ұлттық мемлекеттің қалыптасу ерекшеліктерін талдай келе, ХХІ ғасырдағы ұлттық сананы сақтау мен дамытудың нақты жолдарын және таяу жылдарда атқарылатын міндеттерді ұсынды. Сондықтан, мақала – мемлекетіміздің жаңа даму жолдарын айқындайтын және қазіргі жаһандық құбылыстарда қалыптасқан ахуалдағы халық тағдырына ерекше мән беретін іргелі құжат.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев бағдарламалық мақаласында: «Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие болады. Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет» деп атап көрсетеді. Елбасының осы тұжырымдамалық идеясына сәйкес, «Болашақ» ғылыми-зерттеу институты ғылыми жұмыстарын жалғастырып келеді. Әсіресе, Мемлекет басшысының тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бағыттары негізіндегі ғылыми ізденістерге ерекше назар аударылды.
«Болашақ» ҒЗИ «Болашақ» университетінің құрылымдық бөлімшесі ретінде 2014 жылдан бастап жұмыс жасайды. Институттың негізгі мақсаты – іргелі ғылыми негіздер мен қолданбалы зерттеулерді дамыту болып табылады. Ғылыми-зерттеу институтының құрамына Космосты зерттеу лабораториясы, Агробиотехнологиялық ғылыми-зерттеу лабораториясы, Әлеуметтік-экономикалық және саяси зерттеулер орталығы кіреді. Алдағы уақытта педагогика және филология ғылымдары бойынша жаңа ғылыми-зерттеу орталықтарын ашу жоспарланып отыр.
2014 жылдан бастап институт чехиялық «Sociosféra-CZ» ғылыми-баспа орталығымен бірлесе отырып, жыл сайын «Қазіргі шарттардағы тәрбиенің мақсаттары, міндеттері мен құндылықтары» және «Адам мен қоғам қауіпсіздігі әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың мәселесі ретінде» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізіп келеді. Сонымен қатар, институт ресейлік «Молодой ученый» журналының арнайы шығарылымдарын дайындайды. Бүгінде біз ұйымдастырған арнайы нөмірге «Болашақ» университетінің профессор-оқытушылар құрамынан бөлек 56 мекеме қызметкерлерінің ғылыми мақалалары жарияланып отырғандығын ерекше атай аламыз. Үш жыл ішінде жарық көрген 16 нөмірде барлығы 435 мақала жарияланған екен. Бұл шығарылымдарда қазақ тілді ғылыми мақалаларға басымдық беріліп отырғандығын айта кеткеніміз жөн.
Институт жанындағы әлеуметтік-экономикалық және саяси зерттеулер орталығы осы оқу жылының басында «Сананы жаңғырту бағыттарының мәні, мазмұны және түсініктері» тақырыбындағы ғылыми-зерттеу жобасын бастап кетті. Ғылыми жобада Мемлекет басшысының мақаласында айтылған ХХІ ғасырдағы ұлттық сананы жаңғыртудың бағыттары болып табылатын бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығының негізгі мәні, мазмұны мен түсініктері ашылады. Осы уақытқа дейін ғылыми жоба тақырыбы аясындағы бірнеше ғылыми мақалалар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті тізіміндегі журналдарға, шетелдік басылымдарға, баяндамалар Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарына жарияланды. «Сананы жаңғыртудың 6 бағыты: мәні, мазмұны және түсініктері» атты монография Алматы қаласындағы баспадан шықты. Бүгінде аталған монография үлкен сұранысқа иеленіп отыр. Бұл еңбекті халықаралық деңгейде таныту үшін ғылыми сілтемелердің Ресейлік индексі (РИНЦ) базасында индекстеу бойынша жұмыстар басталып кетті. Алдағы уақытта бұл жұмыстың нәтижелі болатындығына толықтай сенімдіміз. Орталық 2018 жылы тарих ғылымдарының кандидаты А.Т.Еспенбетованың жетекшілігімен «Туған жер», «Киелі Қазақстан» бағдарламаларын жүзеге асырудағы мұрағат құжаттарының деректік маңызы» тақырыбындағы ғылыми жобаны бастауды жоспарлап отыр. Орталық мүшелері республикалық деңгейдегі түрлі ғылыми конкурстарға қатысып, жүлделі орындар иеленуде. Мәселен, философия магистрі Б.Ж.Паридинова осы жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты республикалық ғылыми жобалар байқауының ІІ дәрежелі диплом иегері атанды.
Жаңадан құрылғалы жатқан ғылыми-зерттеу орталықтары да алдағы уақытта тың жобалармен жұмыс жасауды жоспарлап отыр. Мәселен, «Руханият» ғылыми-зерттеу орталығы «Сыр бойының рухани мұрасы» және «І.Есенберлин шығармаларындағы мақал-мәтелдердің аударылу жолдары» тақырыптары бойынша ғылыми жоба жоспарларын әзірлеуде.
Айта кетуіміз қажет, институт жүргізіп отырған жұмыстарынан алынған ғылыми нәтижелерді алдағы кезеңдердегі теориялық және тәжірибелік мәселелер бойынша ғылыми ізденістерді жетілдіруге, жоғары оқу орындарының оқу процесінде пайдалануға болады. Әзірленген ұсыныстар мен қорытындыларды мемлекеттік билік органдары, азаматтық қоғам институттары қызметінде қолдануға болатындығына сенімдіміз. Жұмыс материалдарын жоғары оқу орындарындағы жалпы курстар шеңберінде Елбасының мақаласын түсіндіруде пайдаланудың болашағы зор деп есептейміз. Әлемдік жаһандану процесінде өз саласында ғылыми нәтижелер алатын шаралардың ұйытқысы болып жүрген «Болашақ» ғылыми-зерттеу институты жаңа заман талабына сай ғылыми ізденістер жолында қызмет етеді.
Мұрат НАСИМОВ,
саяси ғылымдарының
кандидаты, қауымдастырылған профессор,
«Болашақ» ғылыми-зерттеу
институтының директоры.