ДЕРЕКТІ ФИЛЬМНІҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Облысымыз бойынша 10 ғасыр адамы болса, оның 5-еуінің кіндік қаны Шиелі өңірінде тамғанын әрдайым мақтанышпен айтып жүреміз. Туған жері үшін аянбай тер төгіп, болашақ ұрпағы үшін от пен су кешуден тайынбаған сол ардақты азаматтарымыздың бірі – Мұстафа Шоқай. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында аудандық Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде М.Шоқай туралы деректі фильмнің тұсауы кесілді.
Деректі фильмде Ақмешіт қаласында дүниеге келген қазақ ойшылы, ғалым, мемлекеттік және қоғам қайраткері М.Шоқай туралы көптеген мағлұматтар берілді. Өнегелі өмір жолы қатысушы жастарға үлгі болды. Шара барысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов жастарға «Сіздердің барлықтарыңыз арыстай азаматтарымыздың өмір жолын жетік біліп, соларға қарап бой түзеулеріңіз керек», – деді. Сонымен қатар, деректі фильмнің жарыққа шығуына атсалысқан Докторхан Тұрлыбекке, демеушілік жасаған М.Шоқайдың жерлесі, алматылық белгілі кәсіпкер Дамир Үсеновке, деректі фильмнің түсірілуіне өзіндік үлес қосқан Жалағаш ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев пен Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлына алғысын жеткізді.
Елбасы Н.Назарбаев: «Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай да қиын-қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім жұртының азаматы болып қала бермек. Тарихтың қай кезеңінде болсын, олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген», – деген еді. Деректі фильмді тамашалаған әр жас ендігі жерде М.Шоқай бабалары туралы біліп, ғасыр адамына қарай бой түзеп, елі үшін күрескен ерін ешқашан ұмытпайтын болады деген сенімдеміз.
Е.БАЛТАБАЙҰЛЫ.