ЖАҢҒЫРҒАН ЕЛГЕ ЖАРАСТЫ ҮРДІС
Сыр елінде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған рухани жаңғырудың бастауындай болған «Парасатты поэзия» шарасын қаламгерлер қауымы зор ықыласпен, ерекше ризашылықпен қабылдады.
Расында, ақынын ардақтаған ел азбайды. Жырдың елі – Сырдың бойында қолға алынған игі бастама аймақ басшылығының, ел азаматтарының қаламгерлерге қолдауының, құрметінің бір көрінісі болса керек. Ел азаматтары республикаға белгілі айтыскер ақын, жыршы-термеші Бекұзақ Тәңірбергеновтің «Аралдың табанынан су кеткенмен, халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ» деген сөзін тағы бір дәлелдей түсті.
Біз – қырғыз және қазақ ақындары осынау игі шараға келіп, өлеңдерімізді оқып, өзара ынтымақтастықты жаңа қырынан көрсете алғанымыз үшін қуаныштымыз. Ертең бұл тарихқа айналады. Осы арқылы Қызылорда облысы өзін өлең өлкесі, поэзия орталығы ретінде тағы бір рет дәлелдеп отыр. Алдағы уақытта Сыр елінде ақындар өлеңге құмар оқырманымен жиі-жиі жүздесіп тұрса, бұл біз үшін абырой болар еді.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,
халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
Қазақстан Жазушылар одағы
басқармасы төрағасының бірінші орынбасары