ЖАС МАМАННЫҢ МЕРЕЙІ
Елбасы Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихына мән беріп, оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал етудің жаңа мультимедиялық алаңын қалыптастыруға шақырды. Осыған орай қолға алынған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы.
Елбасы бастамашы болған жоба жеңімпазының бірі, жерлесіміз Сымбат Әбдірахманова.
Сымбат Нұртазақызы – ешқандай артық шығынсыз-ақ балаларға арналған қазақ тіліндегі дамытушы мультфильмдер құрастырған жас маман. Аудармашы, психолог.
Ол 2008 жылы парсы тілі бойынша Орта Азиялық олимпиадада І-орын алған. «Педагогикалық ізденіс» ғылыми-әдістемелік журналының редакция алқасының мүшесі. Сымбат тілінде мүкістігі бар балаларға арналған бірнеше мультфильмдердің авторы. Мәселен, «Дыбыстарды машықтандыру», «Көңілді түстер» деп аталса, «Логоритмика» әдістемелік құралы сондай-ақ «Компьютерлік психодиагностика» атты жасөспірімдер арасындағы психологиялық өзгерістерді анықтауға арналған жобаның авторы. «Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтер превенциясы» БҰҰ балалар қоры (ЮНИСЕФ) жобасының координаторы.
Сымбат Нұртазақызы 1988 жылы 10 желтоқсанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар мен Әлем тілдер университетінде 2005-2009 жылы «Филология» мамандығы бойынша, 2007 жылы Иран мемлекетінің «Таботабои» университетінде арнайы біліктілік арттыру курсында білім алды. 2007-2009 жылдары Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігінде аудармашы қызметін атқарды. 2009-2011 жылдары «ілеспе аудармашы» мамандығы бойынша магистратурада білімін шыңдады. 2012 жылдан бастап Қызылорда облысының білім басқармасы жанындағы облыстық оқу орталығында қызмет атқаруда.