ЖАҢҒЫРУ АЯСЫНДАҒЫ ЖАСАМПАЗ БАСТАМА
Қызылорда қаласындағы А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Парасатты поэзия» атты халықаралық жыр кеші болып өтті.
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған поэзия кешіне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, жылы лебізін білдірді.
– Сыр өңірінде өміршең де құдіретті поэзия атты сырлы әлемнің құрметіне арналып тұңғыш рет «Парасатты поэзия» атты жыр кеші өткізіліп отыр. Баршаңызға жолы бөлек, жөні ерек шараға қош келдіңіздер дейміз. Біз – ежелден «Сыр елі – жыр елі» атанған елміз. Тұма жырдың бастауын Қорқыттан алған Сыр өңірі талайды таңдай қақтырған, Сыр сүлейлері деген атауды ұлттық мәдениет төрінде берік орнықтырған жыршы-жыраулардың, дарабоз ақындар мен шайырлардың мекені деп мақтан етеміз. Осы ретте, «Парасатты поэзия» жыр кешін Сырда ұйымдастыру Елбасының рухани жаңғыру идеясының аясында тарихи, рухани болмысымызды одан әрі аша түседі, айшықтай түседі деп есептейміз, – деді аймақ басшысы.
Өлеңге шөліркеген жұртты тамсандырған шараны «Парасатты поэзия» идеясының авторы, ақын Ш.Әбдікәрімов жүргізді. Қоғамның шындығын, кезең келеңсіздігін қаймықпай шығармасына арқау етіп, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің тарихына, болашағына сүбелі үлес қосатын поэзия пырақтарының әркез айтары анық, келешек үшін алар орны ерекше. Бұл кеште де ақындар осы үдеден шыға білді.
Жыр кешіне қырғызстандық Б.Чотурова мен Қ.Бакировтай және Ғ.Жайлыбай, Қ.Иса, Е.Ашықбаев, Ұ.Дәлейұлы, Н.Бегалиев, Б.Бабашова, Б.Мүбәракұлы, М.Тоқсанбай сынды есімдері елге белгілі ақындар мен Қ.Жәленова, Қ.Есімсейітова, Т.Абылаев, А.Үсенов, Д.Аяшұлы, Т.Қабылша сынды жерлестеріміз қатысып, өлең оқыды.
«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп Абай хәкім айтқандай, оның айналасы тегіс келіп, жүректерден орын алуы керек. Өлеңде халқымыздың өмір, тіршілік, табиғат туралы түсінігі, салт-дәстүр, елдік пен ерлік махаббат пен сенім көрініс табады. Сол себептен, поэзия атаулы халықтың рухани өмірінде ерекше орынға ие болды. Бір кезеңдерде жыраулар өлеңмен тарихты астастырды. Ел мен елді жақындастырып, ханға сүйеу, батырға тіреу бола білді. Яғни, жыраулар поэзиясы халықтың басынан өткен тарихи оқиғаларды, оның арман-мұратын, кешкен ауыртпалықтарын жырлаумен ғана емес, елдің саяси-әлеуметтік тіршілігін, ой-санасын, дүниетанымын көркем бейнелі тілмен бере білуімен де бағалы деген сөз.
Қазіргі қазақ әдебиетінің дамуында ХХ ғасырдың орны айрықша екенін айта кеткен жөн. Ахмет, Міржақып, Мағжан, Сәкен, Бейімбет, Сұлтанмахмұт сынды ұлт ақындары ел болашағының қамын жеді. Ал, өткен ғасырдың 60-шы жылдары әдебиетке талантты ақындардың тағы бір шоғыры келді.
Сахна төріне шығып, өлең оқыған ақындар мұндай игі шаралардың Сыр елінен бастау алатынын айтты. Солардың бірі – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақтөбелік Ертай Ашықбаев.
– Бұл – Қазақстандағы поэзияға арналған үлкен шара. Бұрын ақындар айтысы болатын, мүшәйра өткізілетін. Бұл жолы таза поэзияға арналған кеш өтті, – деді ол.