АЛҒЫС АЛҒАН АЗАМАТ
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы тәуелсіздік дәуірінде еліміздің көркеюіне үлес қосқан, ұлтымыздың алтын қорына енуге лайықты жерлестерімізді көпшілікке таныту.
Жобаға қатысқан мыңдаған қазақстандықтар арасынан білікті дәрігер, үлкен жүректі азамат Болатбек Баймахановтың жүздіктің қатарына енуі күллі Сыр жұртын қуанышқа бөледі.
Болатбек Баймаханов отыз жылдан астам дәрігерлік еңбек жолында ол қаншама адамды ажалдан арашалап, сырқатынан сауықтырып, дәрігерлік антына адалдығынан бөлек, адамгершілік тұрғысынан да абырой биігінен көрініп келеді. Біліктілігінің, мамандығына деген сүйіспеншілігінің, өз ісіне деген шеберлігінің арқасында елдің алғысын алып, мақтауына, зор ілтипатына бөленіп жүрген азамат.
Болатбек Бимендіұлы 1962 жылы Қызылорда облысының Жалағаш ауданында дүниеге келген. 1979 жылы аудан орталығындағы №31 орта мектепті бітірген соң Алматы медицина институтының емдеу факультетіне түседі. Аталған жоғары оқу орнын хирург мамандығы бойынша бітіріп шығып, еңбек жолын 1986 жылы Қызылорда облыстық ауруханасында дәрігер-хирург болып бастайды. 1990 жылы А.Н.Сызғанов атындағы клиникалық және сынақтық ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, 1991 жылы осы институттың хирургия бөлімінің ғылыми қызметкері, 1995 жылы хирургия бөлімінің аға ғылыми қызметкері болды. 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы қызметін атқарса, 2002 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаментінің бастығы лауазымына тағайындалды. Ал, 2003 жылы Алматыға қайта оралып, А.Н.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығының директоры болды. 2006 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің экономика факультетін экономика бакалавры мамандығы бойынша бітіріп, заман талабына орай қосымша тағы бір мамандықты меңгерді. 2008 жылы Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне келді. 2011 жылы «Республикалық шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, 2012 жылы №7 Алматы қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарды.
Қазіргі уақытта Алматы қаласында «А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық хирургиялық ғылыми орталық» АҚ басқарма төрағасы.