ҚЫТАЙЛЫҚ ИНВЕСТОРЛАР СЫРДАРИЯНЫҢ СОЛ ЖАҒАЛАУЫНДА ҚҰРЫЛЫС САЛМАҚ
Қызылордада облыс әкімдігі мен «Джинан Сиян Констракшн Групп ЛТД» компаниясы арасында Сырдарияның сол жағалауында тұрғын үй салу туралы меморандумға қол қойылды.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Қытай Халық Республикасының инвесторларымен кездесіп, оларға аймағымыздың инвестициялық мүмкіндіктері туралы баяндап берді.
– Біз кез-келген тиімді идеялар мен жобаларды қолдап, инвесторлардың нәтижелі жұмыс жасауына барлық жағдай жасауға дайынбыз. Сіздер сол жағалауда құрылыс салуға қызығушылық танытқандарыңызды білеміз, сондықтан бөлінетін жер учаскелеріне қажетті инфрақұрылымды тартуды өз жауапкершілігімізге аламыз және бірлескен жұмыс барысында жан-жақты қолдау көрсететінімізді атап өткім келеді, - деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде, «Джинан Сиян Констракшн Групп ЛТД» компаниясының бас директоры Лан Лисяо әріптестік орнатқанына қуанышты екенін жеткізіп, ұзақ мерзімді бірлесе жұмыс жасауға ниет білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың қараша айында «Баоньбао» Синьцзян сауда компаниясы» ЖШҚ басқарма төрағасы Лю Вэй ханым бастаған ҚХР делегациясы ІХ халықаралық «Байқоңыр Инвест» форумына қатысып, бірлесе жүзеге асыру үшін 5 жоба таңдаған болатын. Бұл жобалар бойынша жұмыс алдағы уақытта басталмақ.