ОБЛЫС ӘКІМІ «ПАРАСАТТЫ ПОЭЗИЯ» АТТЫ ЖЫР КЕШІНЕ ҚАТЫСУШЫЛАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ
Бүгін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сыр өңірінде тұңғыш рет өткізіліп жатқан «Парасатты поэзия» атты жыр кешіне қатысушыларды қабылдады.
Қонақтардың қатарында бауырлас қырғыз елінің ақындары Бақтыгүл Чотурова мен Қарбалас Бакиров, Қазақстаннан Ғалым Жайлыбай, Қазыбек Иса, Ертай Ашықбаев, Ұларбек Дәлейұлы, Бақытгүл Бабашова, жерлестеріміз Қатира Жаленова, Қаршыға Есімсейітова, Толыбай Абылаев, Алтай Үсенов, Дүйсенбек Аяшұлы, Толқын Қабылшаева сынды жиырмаға жуық ақын бар.
- Біз - ежелден «Сыр елі - жыр елі» атанған елміз. Тұма жырдың бастауын Қорқыттан алған Сыр өңірі талайды таңдай қақтырған, Сыр топырағын ұлттық мәдениет төрінде берік орнықтырған жыршы-жыраулардың, дарабоз ақындар мен шайырлардың мекені деп мақтан етеміз. Осы ретте, «Парасатты поэзия» жыр кешін Сырда ұйымдастыру Елбасының рухани жаңғыру идеясының аясында тарихи, рухани болмысымызды одан әрі аша түседі, айқындай түседі деп есептеймін, - деді облыс әкімі.
Қабылдауға келген ақындар да облыс басшылығының бұл бастамасына ризашылықтарын білдіріп, лебіздерін жеткізді.