ҰЛТТЫҢ БАҒДАРШАМЫ
«Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағаланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді. Осының бәрін егжей-тегжейлі айтып отырғандағы мақсатым – бойымыздағы жақсы мен жаманды санамалап, теру емес. Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деп толғады Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында.
Жыл басында Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің үшінші жаңғыруы басталғанын жария еткен еді. Бұл әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуға бағытталған айқын мақсат жолындағы қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыру қолға алынды.
Қазақстанның үшінші жаңғыруы мен бағдарламалық мақаланың арасында бір-бірін толықтырып тұрған тығыз байланыс бар. Ұлт көшбасшысы айтқандай, «мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс». Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналды. Шын мәнінде Елбасының бұл мақаласы – мазмұны тым терең, қоғамдық сана мен ұлттық құндылықтардың дамуын жаңа сапаға көтеретін еңбек.
Мақалада өмір сүру үшін өзгере білудің, жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіру керектігі, оған көнбегендердің көш соңында қалатындығы да ескертілген. Бұл көзқарастың шындығында, бұқаралық сананы өзгертуге ықпал ететіні сөзсіз. ХХІ ғасырдағы ұлттық сана мен оның мәселелерін және таяу жылдардағы еліміздің алдындағы міндеттерді айқындап берді. Бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы сияқты мәселелерді күн тәртібіне қойып, оның нақты мәні мен мағынасына үңіле отырып талдау жасайды. Ол «мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деп атап көрсетті. Рухани жаңғырудың негізгі сипаты өткен мен болашақты үйлестіре отырып жүзеге асыру болып табылады.
Соңғы кездері, рас, түрлі діни ағымдар мен ұлттық жадымызға, жан дүниемізге қайшы келетін келеңсіздіктер дендеп еніп кетті. Мұндай жағдайларға табандап қарсы тұратын сан ғасырлық тарихи тамырымыз, мирас болып келе жатқан атамұра өнеріміз, өзге елден ерекшелеп тұратын дәстүр-салтымыз, әдет-ғұрпымыз. Президентіміздің ұлттың рухани коды деп айшықтап айтып отырғаны да осы.
Елбасымыз өзінің осы құнды мақаласында: «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар...» деп елді өз тарихын, салтын сақтауға бұрды. Ғажап пікір, үлгілі ұсыныс, тарихи тағылым емес пе? Бұрын анда-санда айтылып қалатын пікірлер бұл жолы үлкен бір бағдарламаға айналған. Елбасының руханиятқа, білімге, ғылымға, әсіресе, тәрбиеге мән беруі – үлкен көрегенділік дер едім.
Осы орайда жер атауының төркініне қатысты айтар болсам, 1723 жылы көктемде «Ақ табан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атышулы оқиға болғанын тарихтан білеміз. Қазақ жерінің, қазақ елінің ең сұрапыл қасіреті еді бұл. Жоңғарлар бейбіт өмір сүріп жатқан халықты талан-таражға салып, азық-түлік, мал-мүлкін тартып ала бастады. Бар қазақтың, тіпті қазақ қана емес, байтақ даламызды мекендеген өзге ұлттар мен ұлыстардың да Әнұранына (Гимнь) айналған,
«Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Ел-жұртынан айырылған жаман екен,
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді» –деп басталатын атақты «Елім-ай» әні де осы тұста жазылды. Сөзін жазған Керей руының Абақ атасынан Қожаберген жырау, әнін шығарған Он екі ата Бай ұлының қызы (оның ішінде Есентемір) Ажар сұлу. Аңыз бойынша (осы оқиға төңірегінде кезінде Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің 30 жылдан астам редакторы болған қаламы қарымды қаламгер Зәкім Жайлыбаев жазды да) Қожаберген жырау Ажар сұлуға көңілі кетіп, екеуінің сөзі жарасып, кездесіп, сөз байласып жүреді. Ажар сұлудың мекені қарт Қаратаудың сүйірленіп барып бітетін жерінде орын тепкен еңселі төбе, жергілікті халық оны «жетім» төбе деп атайды. Бәлкім, қызық-думанынан, Ажар мен Қожаберген сияқты ақыны мен жырауынан айырылғаннан кейін солай атап кеткен болар, кім білсін...
Екі жас енді үйленіміз деп серт беріскен күні түнде аяқ-астынан жоңғарлар елді шауып, «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» деген заман туады. Қысты әрең қыстап шыққан қазақтар шетінен қырғынға ұшырады. Барлық қазақ жан-жақа тарап, кейбірі Самарқандқа, кейбір тайпа-рулар Қызылқұмға, Қарақұмға өтіп кетеді. «Елім-ай» әні осы кезде дүниеге келген. Оны алғаш орындаған да ән авторлары – қос ғашық Ажар мен Қожаберген.
Айтпағым, осы «Жетім төбені» жетім¬сіретпей, сол жерге қазақтың тұңғыш Әнұраны – «Елім-ай» әнінің шыққанын айғақтайтын белгі қойылса екен. Рухани жаңғыру ісіне, жас ұрпақ тәрбиесіне қосылған қомақты үлес болар еді.
Он екінші ғасырға дейін Қаратаудың аяқталған тұсында, осы «Жетім төбенің» қатарында Бестам деген шаһар болған. Өнеркәсiбi, мәдениетi мен саудасы дамыған iрi ордалардың бiрiнен саналған. Түрлі тұрмысқа керек өнім-бұйымдар шығарған 16 зауыт жұмыс істеген. Орта Азия арқылы өтетiн Ұлы Жiбек жолының алтын дiңгегiне айналған бұл қала он екiншi ғасырда Монғол-татар шапқыншылығы кезiнде күйреуге ұшырайды. Үлкен шайқастан аман қалған қала кеңестік кезеңде талан-таражға түсті. Тас кірпіштерін жақын маңайдағы елді мекендер бұзып алып, үй тұрғызды, т.б. керек-жарағына жаратты. Бестам деген қала атауы көрші ауылға берілді. Аймағына мәлім болған қаладан қалған бар белгі: омырылған обалар, бұзылған қабырғалар, сынған, езілген кірпіштер...
Ілгеріректе жолым түсіп қала жұртында болғаным бар (1973 жыл). Сонда берекесі қашқан шаһардың үйінділерін көріп:
«Ей, қасiретi мол, қасиеттi мекенiм,
Дарқан далам болып сорың, кеселiң,
Бабалардың қаны сiңген кесегiң
Болып мәңгi төсегiң,
Жатырмысың iшке бүгiп қайғыңды,
Сырын сақтап ғасырлардың неше мың?!
Қала қайда?
Қорған қайда жоғалған?!
Ойдым-ойдым орда жатыр омалған.
Әр төбеде көмiлдi-ау деп мол арман,
Қарап тұрмын жас ағызып жанардан...
Беу, бабалардың қасиеттi мекенi!
Барда ұрпағың болмайды ұмыт кешегiң.
Жатыр сенiң қатып-семген әр тасың
Елге ұқтырып ерлiктiң не екенiн! – деп толғағаным бар.
Президентіміз «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және діни конфессияаралық келісім» атты бағдарламалардың халқымызды жаңа ғасыр талаптарына сай даярлаудың сенім мен қадамдары екендігіне көрегенділікпен болжам жасап, оған өзі де мән бере дәлелдеп отыр. Шын мәнінде, ұлттық рухымызды өз бойымызда мәңгі сақтап, ежелден қалыптасқан әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәстүрлеріміз, тіліміз, дініміз, ділімізді осы заманға сай жақсы жағынан жаңғыртып, келесі ұрпаққа жеткізуіміз керек.
Елбасымыз осы дүниесінде туған жер елге қайта оралып: «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп атап көрсетті.
Қазір елді мекен тұрғындары тәуелсіздік берген мүмкіндікті пайдалана отырып, ауыл-қоныстарының атауын өзгертіп жатыр. Көбісі өзгертіп те алды. Әлі кіріспегендері де жоқ емес. Алысқа бармай-ақ, бірқатар ауыл ел басына күн туған кездері халқына пана болған, сая болған би-болыстардың есімімен аталады. Мысалы, бұрынғы Қазақстанның 30 жылдығы атындағы шаруашылық қазір Бала би ауылы болды. Жарасып-ақ тұр. Рухты жаңғырту, дәстүрді жалғастыру деген осы ғой.
Іргесін 1930 жылы қалаған «Еңбекші» ауылының да өзіндік тарихы, еңбек жолы бар. Екі бірдей Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мемлекеттік наградаларды төсіне жарқырата таққан бірнеше еңбек майталманы, ондаған ақын-жазушылар мен ғалымдар,т.б. шыққан. Олардың бірқатары әлі де, шүкір, өмір сүріп жатыр. Ал енді осы мекеннің де атау¬ын өзгертетін кез келді. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген тамаша тәмсілді бәріміз білеміз. Олай болса, таңдауды арыдан бастап, серіктестік, колхоздастыру кезеңіне елді аман-сау жеткізген билердің, ру басыларының белсенді істерін жас ұрпақтың назарына жеткізу керек.
Екі тарау мен алты тармаққа, алты тапсырмаға құрылған Елбасы бағдарламасы – рухани кеңістігіміздің жаңа жаңғыруының жарқын белгісі. Білім мен ғылым туралы айтылғандары ел көкейінен шығып жатыр. Әсіресе, тәрбиеге ерекше мән беруді қадап айтқаны жөн-ақ. Шынында да білім әлемдік, тәрбие ұлттық болуы керек. Әлемнің бар білімін меңгергенмен оның ұлттық дәстүрімізге қосар үлесі болмаса, не пайдасы бар.
Иә, ұлттық жаңғыру – ұлттың бағдаршамы.
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.