ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ ЖҮЙЕСІ ЗОР ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ

Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет» – деп білімнің салтанат құруына жағдай жасайтынын жеткізген болатын. Білікті ұстаз Сәуле Нұрманова: «Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында нақтыланғандай 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу, жаңартылған білім бағдарламаларын іске асыру бүгінгі мектептің негізгі міндеті. 2016-2017 оқу жылынан бас¬тап жаңартылған білім мазмұнына көшу үдерісінде мектеп мұғалімдері тынбай еңбек етуде. Критериалды бағалау жүйесінің тиімділігін анықтау мақсатында бастауыш сынып мұғалімдері Г.Нәлібаева, А.Нәбішевалар 1 сынып оқушыларына арналған «Қалыптастырушы бағалау» дәптерлерін, ата-аналарға арналған «Рефлексия» дәптерлерін жинақтап жасап қазіргі таңда мектеп тәжірибесінде қолданылуда. Биылғы оқу жылында 2, 5, 7 сыныптарға да жаңартылған білім мазмұны оқу үдерісіне енгізілді. Бұл жаңалықтар мен өзгерістерді іске асыру әрине мұғалім шеберлігін талап етеді. Бұл білім жүйесінің өзгешелігі оқушылардың функционалдық сауаттылығын оның ішінде оқу, математикалық және жаратылыстану сауаттылығын дамытуда. Оқу үдерісінде қалыптастырушы бағалау оқушылардың білім-білік, шығармашылық дағдыларын барынша дамытуға жол ашса, жиынтық бағалау әр оқушының білім көрсеткіші. Бұл жүйе ақпараттық коммуникативтік технологиялардың дамыған кезеңінде заман талабына сай, өз қабілетін ғылыми шығармашылыққа ұштастыра алатын, үш тілді еркін меңгерген шәкірт, яғни еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеуде қажет дүние деп есептеймін» – деген пікір білдірді.
Бүгінгі жаңалық ертеңгі күні ескіріп қалатын, жедел дамыған заман талабынан қалыс қалмау үшін жаңартылған білім жүйесін жетік меңгеруіміз тиіс. Елбасының «Ұлт болашағы білімді ұрпақ қолында» деуінің өзі жарқын болашаққа жол сілтейді. Бүгінгі жас – ертеңгі елдің мызғымас тірегі, келешек келбеті. Сол себепті олардың білімді, бәсекеге қабілетті, жан-жақты әлеуметтенуі ел дамуындағы аса маңызды фактор болып табылуы хақ.
Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.
Шиелі ауданы