КӨНЕ ТАРИХТЫҢ АСЫЛ КӨМБЕСІ
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасына Сыр бойындағы сырға толы Сығанақ қаласы да мәні зор мәдени мұра ретінде еніп отыр.
Сығанақ өзінің 2 мың жылға жуық тарихында қаңлылардың, қыпшақ хандығының (ХІ-ХІІ ғғ.), Ақ Орданың (ХІІІ-ХІV ғғ.), Әбілқайыр хандығының (ХV ғ.), Қазақ хандығының (ХVІ ғ.) астанасы болған қала. Қала қандай шапқыншылыққа ұшыраса да өмір қайта жанданып отырған. Қаланың Ұлы жібек жолының бойында орын тебуі, Орта Азия мен Дешті Қыпшақ хандығының арасында орналасуы оған небір алмағайып заманда тез есін жиып, еңсе көтеруіне ықпал етті.
Тарихшы Зардыхан Қиянатұлының пікірінше, «Сығанақ» атауы түрікшеден аударғанда «қамал, қорған» деген мағына береді. Қала 982 жылы түзілген «Худуд ал-Алам мин ал-Машрик ила-л-Магриб» («Шығыстан батысқа дейінгі әлем шекаралары») атты авторы белгісіз еңбекте «Сунах» атымен алғаш белгілі болды. Мұнда протоқазақтық Қимақ мемлекетінің аймақтары мен қалалары туралы баяндалған. ХІ-ХІІ ғасырларда Қараханид мемлекетінің кезіндегі жазба деректердің барлығында қаланың аты жаппай кездесіп отырады. ХІІ-ХІІІ ғасырлар аралығында өмір сүрген Һысамиддин әл-Сығанақидың «Болса Тәңірім екінші өмір қиғандай, Сығанақта көз жұмар ем қиналмай» деген жыр жолдарын осы күнге үзілмей жеткен өткен күннің сырлы әуені десе болғандай. Моңғол шапқыншылығынан кейін, яғни ХІІІ ғасырдың аяғынан бастап ХІV ғасырдың соңына дейін Сығанақтың аты жүз жылдан астам уақыт ешбір жазба деректерде кездеспейді, ХІV ғасырдың 20-жылдарының соңғы кезінен бастап «Жаңа Сығанақтан ақша шығарылды» деген дерек қаланың Шыңғысхан шапқыншылығынан туған зардаптарды жойып, қайта көтерілгендігінен хабар береді.
Араб жазушыларының айтуынша, Сығанақ қаласында тұрғандар – қыпшақ пен қаңлылар және оларды біріне-бірі айырып болмайды. Сығанақ солардың астанасы дейді. Сығанақтың гүлденген шағын өз көзімен көрген Шайбани ханның жылнамашысы Фазлах ибн-Рузбихан «Шаһарда күн сайын бес жүз түйенің еті қуырылып, кешке қарай одан түйір де қалмайды. …Сығанақтың айналасы көкорай дала, тоғай болып келеді. Осы арада жабайы ешкi, жабайы қой және басқа да жануарлар өpiп жүpeдi. Қала тұрғындары оларды жаз мезгілінде аулап, қысқа азық даярлайды. Құc eтi бұл арада өте арзан» деп жазған болатын. Аса ірі сауда шаһарына айналған Сығанақта күніне 500 түйеге артылған тауарлар сатылатын кездер болған. Солардың арасында көшпелілер алып келетін ең жақсы садақтар мен жебелер үлкен сұранысқа ие болған. Сығанақ секілді алып шаһар үшін шайқастар Тоқтамыс пен Орыс ханның, Әбілқайыр хан мен қалмақ Енге төренің, кейіннен Қазақ хандары мен Шайбани ұрпақтарының арасында болды. Осының бәрі шаһардың аса маңызды аймақтан орын теуіп, көптеген хандар мен айтулы ақсүйектер жерленген қасиетті орынға айналғандығынан болса керек. Талай-талай қиын-қыстау заманды басынан кешіріп, қаншама тарихи маңызды оқиғалар орталығы болған шаһардың қираған орны бұл күнде Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында, Сырдария өзеніне жақын маңдағы Сұнақ ата қойнауында жатыр.
Шаһардың орнында болған көк күмбезді керемет кесененің қирандысын ХХ ғасыр басында ғалымдар зерттеп, сызба суретін салған болатын. Көп ұзамай кесене құлап, төбеге айналған. Сығанақты зерттеуге қатысқан ғалымдар осы кесене Әбілқайыр ханға арнап салынған деп топшылауда.
1867 жылы орыс археологиялық комиссиясының тапсырмасы бойынша археолог П.И.Лерх Түркістан аймағындағы ортағасырлық қалаларды қарап шығуға жіберілгенде ол Сығанақ қаласына арнайы тоқтайды. Ғалым қалада болып, оның қай жерде орналасқаны туралы ақпарат қалдырған. Ал 1892 жылы өлкетанушы Е.А.Смирнов Ташкенттен Қызылордаға жасаған барлау жұмысы кезінде Сығанақта болып, Төменарық пен қаланың суландыру жүйесі туралы ғана хабарлап, ал қала туралы ешнәрсе жазбаған. Ал 1899 жылы Түркістан өлкетану бөлімінің меңгерушісі В.А.Каллаур қалаға барлау жұмысын жүргізіп, оның топографиясын сипаттап және қаланың шығыс қақпасынан 100 метр жердегі мешіттің жобасын қағазға түсіреді. Ал 1906 жылы қаланы археолог И.А.Кастанье қарап шығады. Ол Каллаурдың қала туралы жазғандарын толықтыра түседі.
1927 жылы Ресей Академиясы жанындағы Материалдық мәдениет институтының тапсырмасы бойынша Сығанақ қаласын А.Ю.Якубовский біршама тыңғылықты қарап шығады. Ол қаланың топографиялық жағына көңіл бөліп, жанындағы кейбір керегелері сақталған ғимараттардың суретін түсіріп алған. Қала туралы үлкен ғылыми мақала жазған. Бұдан 20 жыл өткен соң қалаға 1947 жылы ОҚАЭ-ның жетекшісі А.А.Бернштам келіп, қаланың топографиялық жобасын түсіріп, жиналған материалдар бойынша қаланың біздің дәуірімізге дейінгі қаңлы дәуірінен бері өмір сүріп келе жатқандығы туралы мәлімет келтіреді.
Қазақ халқын көшпенді халық деп қана қарау тарихты тануда бізге қиянат келтіретінін естен шығармағанымыз жөн. Сыр бойындағы Түркістан, Сығанақ, Сауран сияқты қалаларда тұрған халықтың отырықшылыққа да бейім болғандығын зерттеу жұмыстары көрсетіп отыр.
Елбасы бастамасымен қолға алынған қайта жаңғыру жұмыстары қазақ халқының көне қаласының бірі, төл мәдени мұрасы Сығанақтың тарихын тануға жол ашпақ.