ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ
Сырдария аудандық мәдениет үйінде Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында тәуелсіздік мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.
Салтанатты шарада аудан әкімі Ғанибек Қазантаев мерекеге орай құттықтауын жеткізді.
– Жер бетіндегі қай халық үшін де Тәуелсіздіктен биік ұлы мұрат жоқ. 26 жыл ішінде Тәуелсіз Қазақ елінің негізін қалап, елін жарқын болашаққа жетелеген Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатының негізінде ғасырға татитын ауқымды жұмыстар атқарылды. Біз бүгінде әлемнің бәсекеге қабілетті 30 мемлекетінің қатарына қосылуды мақсат етіп, өз бағытымызды айқындадық. Даму белестеріне қадам басқан Сырдария ауданында да жасампаз жұмыстар атқарылды. Ел Тәуелсіздігінің 26 жылдығын Сырдария ауданының тұрғындары мен еңбеккерлері табысты қарсы алып отыр. Барлық салада даму, өсу бар. Жоспарлар артығымен орындалды. Алқабы алтын дәнге, өрісі төрт түлік малға толған берекелі аудан биыл да жақсы нәтижелерімен көрінді,- деген аудан басшысы жыл бойы үздік нәтиже көрсетіп, аудан дамуына үлес қосқан сала қызметкерлерін марапаттады.
Шарада экономикалық жаңарумен қатар рухани жаңғыруға ден қойған бастамалар жайлы да айтылды. Ауданда жаңа қоғам құру бағытында атқарылып жатқан жаңғыру жұмыстарының жайы баяндалды.