ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ҒАЛЫМДАР КҮРІШТЕН ДӘРІ ЖАСАМАҚ
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттердің бірі – ол отандық ғылымды дамыту. Осы орайда қызылордалық ғалымдардың бірқатар жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтуге болады.
Жақында жерлестер тағы да бір тың жобаны жүзеге асырды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің бір топ ғалымы кәдімгі күріш кебегінен медицинада жиі қолданатын белсендірілген көмір түзіп шығарды. Бұл жоба Білім және ғылым Министрлігіне ұсынылып, оң бағасын алуда.
Ғалымдардың айтуынша, жыл сайын мыңдаған тонна күріш кебегі текке жанып кетеді екен. Осы уакытқа дейін белсендірілген көмірді ағаш жағу арқылы дайындап келген., Ал енді бұл дәріні ешқандай шығынсыз күріш қалдығынан әзірлеуге болады.
- Күріш кебегін әбден ұсақтап, 100 минутқа пешке жағу арқылы қара ұнтақ алынады. Міне осы затты керекті пішінге келтіреміз, сонымен белсендірілген көмір дайын, - дейді зертхана жетекшісі Нурбол Аппазов, - Біздің аймақта бұған қолданылатын шикізат жетіп артылады. Енді күріш кебегін бұрынғадай текке жағып жібермей медициналық өнім шығаруға қолдану керек. Белсендірілген көмір химиялық өнеркәсіпте, медицинада ғана кеңінен қолданылмайды, оны мұнайдағы зиянды қоспаларды жоюға пайдалануға болады. Біз енді күріш қалдықтарын осы салаға қолдану үшін зерттеулер жүргізіп жатырмыз.