ЖАҢҒЫРУ АЯСЫНДАҒЫ ШАРАЛАР ЖҮЙЕЛІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛАДЫ
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласының «Тәрбие және білім» бағыты бойынша Арал ауданының барлық кітапханаларында «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы ұйымдастырылды. Акция аясында кітапханаға 300 дана кітап сыйға берілді.
Сонымен қатар, «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларын насихаттау мақсатында «Асқақ арманды алаш ардағы», «Тұғыры биік тұлға» деген тақырыптарда поэзия, жыр кештері болды. Білім беру орындары мен кітапханаларда 80-нен астам шара өткізілді. Іс-шараға 2,5 мыңдай адам қамтылды.
«Отаным – тағдырым» бағыты бойынша 60-қа жуық шара ұйымдастырылып, оларға 3,5 мыңдай адам қатысты. Оның ішінде №4 қалалық кітапханада жерлесіміз, спорт майталманы Дабыс Қалауовтың «Туған елдің текті ұлы» атты танымдық лекциясы, №3 қалалық кітапханада Құдайберген Саржановтың «Аралдың айтылмаған ақиқаты» атты кітабы негізінде оқырман арасында кітапқа талдау жүргізілді. Барлық кітапханада жыршы Нұртуған Кенжеғұлұлының 130 жылдығына орай «Сыр сүлейі Нұртуған», «Сырдың дүлдүл ақыны», «Асқақ үнді алып ақын», «Сырлы жырдың саңлағы», «Қара сөзден жыр құйған сөз зергері» атты кітап көрмелері, оқырман конференциясы және жыр кештері ұйымдастырылды.
Бұл бағытта аудандық және мектепішілік кітапханаларда «Өрлей бер, гүлдене бер, туған елім – Қазақстан» атты кітап көрмелерін ұйымдастыру жоспарлануда.