КӨШЕГЕ АЛМАҒАНБЕТ ДАУЫЛБАЕВ ЕСІМІ БЕРІЛДІ

Ел келешегінің кемелденуіне барынша тер төгіп, көпшілік ықыласына бөленгендерді құрметтеу бүгінгілерге парыз.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Сырдария ауданы орталығы Тереңөзек кентінде Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы бастамалар аясында туған жерін түлеткен тұлғалы азаматтың рухына құрмет көрсетілді. Кенттің жаңа аймағындағы көшелердің біріне Ұлы Отан соғысының ардагері Алмағанбет Дауылбаев есімі берілді.
Көшенің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Б.Өтегенова, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Р.Есенов, атқарушы билік өкілдерімен бірге депутаттар, еңбек ардагерлері, аудан тұрғындары, ұрпақтары қатысты.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Б.Өтегенова, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Р.Есенов сөз сөйлеп, тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ашылғалы отырған көше атауы Ұлы Отан соғысының ардагері, ардақты ұстаз А.Дауылбаев есімін иеленуі алдыңғы буын өкілдеріне деген құрметтің жарқын көрінісі екенін атап айтты.
Ел ардақтысының аудан көлемінде абыроймен атқарған қызметтерін, еңселі еңбектерін, қажырлы қайраткерлерік жолдарын баяндады.
Талай жыл тынбай еңбек еткен тұлға атын дәріптеу келешек ұрпаққа үлгі екендігін айтты.