АУЫЛ - РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ БАСТАУЫ
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай ұйымдастырылған «Туған жерге тағзым» акциясына келген азаматтар Өңірлік коммуникациялық қызмет орталығында брифинг өткізді.
Брифингте еліміздің әр түкпірінде жүрген Сыр азаматтары аймақтың өокендеп келе жатқанын айтып, ел дамуындағы ортақ іске өздерінің де қосар үлес аз болмайтынын жеткізді.
– Бұрын шетелдің кереметіне тамсана қарайтын едік. Әсіресе, құм үстіне жұмақ орнатқан Араб елдерінің дамуына қызығатынбыз. Табиғаты соған ұқсас, Қарақұмы да, Қызылқұмы да бар біздің Қызылорданың осындай өркениетке жеткенін көре алмаймыз ба деген қауіп те болатын. Армандар орындалады екен, сондай игілікке бүгін қолымыз жетті. Ауыл түтіні түзу ұшып келеді, жол азабы азайды.
Ауыл - қасиетті мекен. Салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған, жөн-жоралғы жойылмаған, рухани жаңғырудың нағыз бастауы. Талай ұлыларды тербетіп өсірген Сыр ауылдары көркейіп келеді. Тіпті, Қызылорданың кей ауылдарынан қалада жоқ жаңалықты байқаймыз, – деді республикалық «Қазақстан-Заман» газетінің бас редкаторы, ҚР Мәдениет қайраткері Ертай Айғалиев.