ЕЛ ЖАНАШЫРЛАРЫНЫҢ ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ
Тәуелсіздік күні қарсаңында Қызылордада «Туған жерге тағзым» форумы өтті. Шарға еліміздің түкпір-түкпірінен әртүрлі салада табысты еңбек етіп жүрген қызылордалықтар арнайы келіп қатысты. Аймақтың дамуына қосқан үлестері үшін Сыр елінің бірқатар тумаларына «Сыр жанашыры» марапаты табысталды. Олардың ішінде әйгілі зілтемірші Илья Ильин мен кардиохирург, Қазақстанның Еңбек Ері Юрий Пя, «А.Н.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми зерттеу орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Болатбек Баймаханов және т.б. бар.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев форумға арнайы келген елдің жанашыр азаматтарына алғысын жеткізіп, жылы лебізін білдірді.
– Мемлекет басшысы өзінің көреген саясатымен ұлттық құндылықтарымызға негізделген Рухани жаңғыруды алдымызға қойды. Рухани жаңғырудың бір тарауы «Туған жерге тағзым» болса, бұл біздің өңірде 2014 жылдан бері жүзеге асып келеді. Жүрегі елім деп соққан әр азамат «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосуы керек деп білемін. Сыр өңірінде «Туған жерге тағзым» акциясы бастау алған күннен бастап 400-ге жуық жоба жүзеге асырылып, 6 млрд 228 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл - елін сүйген, жерін қастерлеген азаматтардың Атамекеннің дамуына қосқан үлесі. Бүгін, міне, сол азаматтардың бірқатарын «Сыр жанашыры» атағымен марапаттағымыз келіп отыр, - деді аймақ басшысы.
Бүгінгі шарада ғалымдар, дәрігерлер мен өнер майталмандары, кәсіпкерлер, спортшылар және басқа да салалар өкілдерінен 19 адам марапатталды.
Форум аясында телекөпір арқылы облыстағы бірқатар жаңа кәсіпорындар іске қосылды. Атап айтқанда, Жаңақорған ауданындағы әк зауыты, Қызылорда қаласындағы мал бордақылау және сою бекеті, Шиелідегі құс фермасының 2 цехы ашылды. Сонымен қатар, Ресейде білім алып жатқан сырбойылық студенттер тікелей байланысқа шығып, жерлестерін мерекемен құттықтады. Телекөпір арқылы Арал ауданындағы асфальтбетон зауыты мен облыс орталығындағы шыны пластикалық құбыр шығаратын зауыт та тікелей байланысқа шықты.
Аймақ басшысы телекөпір қатысушыларын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, кәсіпорындарындардың жұмысына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, форумда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – суретші Ағымсалы Дүзелханов, жырау Алмас Алматов пен Алматы онкологиялық орталығының бас дәрігері Дамир Дәулетбаев сөз сөйлеп, жерлестерін мерекемен құттықтады.
– Мен М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде 70-ші жылдары оқыдым. Ол кезде бұл университетте оқыған екі-ақ қазақ болатынбыз. Ал бүгінде сырбойылық түлектердің осы оқу ордасында білім алуларына жағдай жасалған. Жыл сайын Мәскеу мемлекеттік университеті Қызылорда облысының студенттері үшін магистратурада білімдерін жетілдіруге 20 грант бөлетін болды. Бұл үлкен жетістік. Төрт жыл бұрын ҰБТ қорытындысы бойынша облыс республикада ең соңғы орында еді. Ал, биыл мектеп бітірген түлектердің 97% орта арнаулы және жоғары оқу орындарына оқуға түскен. Бұл да жүйелі жұмыстың нәтижесі деп санаймын, - деді академик Асқар Жұмаділдаев.
Айта кету керек, кешегі өткен облыстық мәслихаттың сессиясында академик Асқар Жұмаділдаевқа Қызылорда облысының Құрметті азаматы атағын беру туралы шешім қабылданған болатын.
Шара соңы қазақ эстрадасының белгілі өнерпаздары Жеңіс Ысқақова, Төреғали Төреәлі мен «Тұран» триосының концерттік бағдарламасына ұласты.