АКЦИЯ АЯСЫНДА ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Бүгін Қызылорда қаласындағы «Сұлтан Плаза» кешенінде Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Туған жерге тағзым» акциясы өткізілді.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, еліміздің әр түкпірінде жүрген ел азаматтары, зиялы қауым өкілдері қатысқан акцияда телекөпір арқылы бірқатар өндіріс орындары іске қосылды.
Соның бірі «Нефтьпромснаб» серіктестігінің пластикалық құбырлар шығаратын зауыты. Аймақтағы мұнай компанияларын 2013 жылдан бері сапалы өніммен қамтамасыз етіп келе жатқан компания өндіріс аясын ұлғайтып отыр. «БЖК-2020» бағдарламасы аясында «Даму» қорынан қолдау тапқан жоба бойынша жылына 120-130 мың метр құбыр шығарылады. Серіктестіктің бас директоры Қазыбек Қуанышбаев телекөпір арқылы байланысқа шығып, аймақ басшысына өндіріс орнының іске қосылғанын хабарлады.
Сонымен қатар, тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған телекөпір арқылы «Арал құрылысы» ЖШС-нің асфальт бетон зауыты мен Жаңақорғандағы әк зауыты іске қосылды.