ЖАҢҒЫРУ ИГІ ІСКЕ ЖОЛ АШАДЫ
Өңірге жасаған сапары барысында партия хатшысы алдымен қаланың сол жақ жағалауында салынып жатқан құрылыс нысандарымен танысты.
Сондай-ақ, облыстық мекемелер үйінде мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бағытындағы Елбасы, партия төрағасы тапсырмаларының орындалуы жөнінде жиын өткізді.
Аталмыш жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Тілешов, мәслихат депутаттары, аудан, қала әкімдері, облыстық департаменттер мен басқарма басшылары және партия активі қатысты.
Жиынды облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жүргізді. Филиал төрағасы партияның сайлауалды тұғырнамасында көзделген міндеттер мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына партиялық қадағалауды жүзеге асыру әрбір нұротандықтың маңызды жұмыстарының бірі екендігін атап өтіп, күн тәртібіне сәйкес өңірдегі атқарылған жұмыстарды баяндау үшін тиісті басқарма басшыларына сөз берді.
Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының аймақта жүзеге асырылуы туралы облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев баяндады.
– Облыста білім беру саласын қаржыландыру жыл сайын өсіп келеді. Сала бюджеті 2015 жылы 63,9 млрд. теңгені құраған болса, 2016 жылы ол – 70,0 млрд, ал биыл 89,3 млрд. теңгені құраған. Оқушылар саны да 6 мыңға көбейіп отыр. Оның ішінде, 1-сыныпқа келген балалар саны 18239-ке жетті. Өткен оқу жылында 13 мектептің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген болса, жаңа оқу жылының қарсаңында Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарындағы апаттық жағдайдағы 11 мектептің құрылысы жергілікті бюджет есебінен, Жаңақорған ауданында 300 орындық 2 мектеп құрылысы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қайта салынып, пайдалануға берілген. Бұл өз кезегінде мектептердегі оқушы орнының тапшылығын азайтып, оқу процесін екі ауысымнан асырмай жүргізуге толық мүмкіндік берді, – деді басқарма басшысы.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Шәріпбаева 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы аясындағы нәтижелі жұмыстарды баяндай келе, кадр жетіспеушілігі, сонымен қатар денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік қызметшілерге қатысты кедергілер мен ұсыныстарын жеткізді.
Жиында сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытындағы атқарылған жұмыстар да тыңдалды. Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік қызметі істері департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Абзал Мұхимовтың айтуынша, сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар саны азайған.
Активті қорытындылаған партия хатшысы Ғабидолла Әбдірахымов өңірдің өркендеуін Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қаланың бой көтеруінен-ақ байқағанын айтты. Сондай-ақ, ол жиылғандарды Елбасы жүктеген міндеттерді жүйелі жүзеге асыруға шақырды.
– Қазіргі таңда елімізде Елбасының бастамасымен қолға алынған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Осы орайда партия төрағасының партияны қайта жаңғырту жөніндегі тапсырмасын орындауға да бел шеше кірісетін кез келді. Біздер үшін жаңғыру – бірінші кезекте жұрт жүрегіне тікелей жол табатын игі істерді жүзеге асыру және сол арқылы қалың бұқараның үмітін ақтау, – деді партия хатшысы.
Сонымен қатар, сапар барысында Ғабидолла Әбдірахымов өңір жастары және «Жас Отан» жастар қанатының белсенділерімен бейресми кездесу өткізді. Онда партия хатшысы мемлекет және партия тарапынан жастарға деген қамқорлықтың зор екенін айтып, «Мәңгілік Ел» болу жолындағы жастардың рөліне тоқталып өтті. Бұдан басқа Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндетерді жүзеге асыруда жастар қозғаушы болуы керектігіне назар аударды.
Партия хатшысы Сыр өңіріне жасаған жұмыс сапарының соңында Қызылорда қаласына қарасты Ақсуат ауылдық округінің тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындармен кездесті.