ЖАҢАРҒАН ӘЛІПБИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ БАСТАМАСЫ
Жалағаш аудандық оқушылар үйінде «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» атты дөңгелек үстел өтті. Басқосуға аудан ардагерлері, мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты.
«Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшу қажеттігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін айтты. Сондай-ақ, Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды, бұл жұмысты қазірден бастап қолға алуды тапсырды.
Шараны жүргізген оқушылар үйінің қызметкері Гүлнұр Тілеулиева бұл мәселе жалпы қауым арасында қызу талқыланып жатқанын айта келе, тақырып аясында бейне-слайд көрсетті.
Ал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев әлемдегі дамыған мемлекеттердің көшінен қалмау үшін латын әрпіне көшу заман талабы екендігін алға тартты.
Латын алфавиті бүкіл дүниежүзілік ақпарат пен технологияның, білім мен ғылымның кеңістігіне ену үшін аса қажет. Демек, оны үйрену заман талабынан туындап отыр. Ең бастысы, бұл ел болашағы үшін жасалған маңызды қадам, – деген ардагерлер жетекшісі оқушылар алдында латын әліпбиіне көшудің тиімді жақтарын жіктеп айтып берді.