ЖАҢҒЫРУДЫҢ БАСТЫ ТАЛАБЫ
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» тарихи мақаласында: «Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Осыған байланысты, мен алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынамын. Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты»,-деген болатын.
Арал аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен қаладағы №64 орта мектепте «Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің жаңа белесі» тақырыбында аудандық оқырмандар конференциясы өткізілді. Конференцияға білім беру ұйымдарының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатысты.
Конференция бағдарламасына сәйкес, «Латын әліпбиі: рухани тәуелсіздік жолы», «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы», «Тіліміз үшін жасалған игі қадам», «Латын әліпбиіне кіру – рухани жаңғырудың талабы», «Латын әліпбиіне көшу – тарихи тамырымызға оралу» тақырыбында баяндамалар жасалып, латын әрпіне көшудің тарих қойнауындағы асыл мұраларымызды тауып, өткенімізге қайта оралу екендігі айтылды.
Баяндамалар оқылып болғаннан кейін конференцияға қатысушылар өзара пікір алмасып, латын тілі туралы қызықты мәліметке кенелгенін, алдағы атқарар жұмыстарына бағыт-бағдар алғандарын айтты.
Конференцияда мұғалімдер «Тәуелсіздік» және «Қазақстан» топтарын құрып, тренинг ұйымдастырды. Өздері туралы анкетаны латын әрпінде толтырды. Сонымен бірге, тренингтен алған әсерлерін де латын әріптерімен жазып, жұртшылық назарына ұсынды.