ҰЛЫ ТҰЛҒА АТЫНДАҒЫ ТУРНИР
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бастамасын жүзеге асыруға арналған шаралар аясында 12-13 желтоқсан күндері Қызылорда облысының Шиелі кентінде 2001-2002 жылдары туылған жасөспірімдер арасында қазақ күресінен белгілі қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайды еске алуға арналған республикалық турнир өтеді.
Биыл 12-ші мәрте ұйымдастырылатын турнирге Алматы қаласы, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Қызылорда облыстарынан 12 команда қатысып, ұлттық спортты ұлықтайтын 200-дей балуан белдеседі.
Ұлттық рухты жаңғыртуға ықпал ететін қазақ күресін облыс көлемінде дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, спортшылардың спорттық шеберліктерін арттыру, жасөспірімдерді достыққа, патриоттық сезімге, ұлттық мәдениетке тәрбиелеуге арналған жарыс 9 салмақта (38, 42, 46, 51, 57, 64, 73, 81, +81 келі) өтеді.
Республикалық турнирді Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Шиелі ауданының әкімдігі ұйымдастырып отыр. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлер диплом және естелік сыйлықтармен марапатталады.