ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕРДЕ ПАНДУСТАР БОЛУЫ ТИІС
Облыс аумағында жүргізіліп жатқан «Тең мүмкіндіктер жолы» республикалық акциясы барысында Жергілікті полиция қызметкерлері жол және коммуналдық қызмет саласының мамандарымен бірлесіп, көше-жол жүйесінің техникалық және эксплуатациялық жайын, медициналық мекемелердің, сауда орталықтарының, вокзал, әуежайлар мен халық көп жүретін басқа да аумақтардың мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін жүріп-тұруына жеткілікті жабдықталуын тексерді. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына ыңғайлы болу үшін арнайы дыбыс сигналдарымен жабдықталған бағдаршамдар орнатылған. Сауда орындары мен қызмет көрсету мекемелерінің талаптарға сай келетін мүгедек жандарға арналған пандустар мен тұрақ орындарымен толық қамтамасыз етілуі үшін құзырлы органдарға ұсыным хаттар жолданды.
Сонымен қатар, қала көлеміндегі қоғамдық автокөліктер тексеріліп, мүгедек жандар үшін жасалған жағдайлар жайы, автобусқа түсіп-мінуі үшін қолайлы пандустармен қамтамасыз етілуі назарға алынды.
Тексеру барысында 48 қызмет көрсету мекемесі мен сауда орындарының аумағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған тұрақ орындарымен қамтамасыз етіліп, арнайы жол белгілері орнатылғандығы анықталды. Сонымен қатар, облыс аумағындағы 112 автобус физикалық мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы құрылғылармен жабдықталғаны белгілі болды.