ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІНДЕ ҚАЗАЛЫДА АУДАНДЫҚ АУРУХАНА АШЫЛАДЫ
Биыл Қазалы ауданында 4 млрд. теңгеден астам қаржының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы аудан әкімі М. Ергешбаевтың қатысуымен Өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте айтылды.
Әйтеке би кентіндегі №216 мектепке қосымша құрылыстар салу, Бірлік, Лақалы, Майдакөл, Шилі, Шәкен елді мекендерінде мектептер мен Жалаңтөс батыр ауылынан 150 орындық ауылдық клуб құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
– Әлеуметтік салада салынып жатқан құрылыстың бірі 150 орындық аурухана осы айда пайдалануға берілмек. Қазір оны заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтау мәселелері шешілуде. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен «Ангиограф» медициналық аппараты алынып, Ресей елінің мамандарымен келісім жасалынды, – деді аудан әкімі.
Қазір жаңа ғимаратқа қондыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жаңа аурухана жанынан аудандық емхана салу жоспарланып отыр. 250 келушіге арналған емхана құрылысын салу жобасының құжаттарын әзірлеуге облыстық бюджеттен 16,7 млн.теңге бөлінді.