ҚАЗАЛЫДА ӨНЕРКӘСІП ӨНІМІНІҢ КӨЛЕМІ АРТТЫ
Бүгін Өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен брифингте Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев жыл басынан бергі әр сала көрсеткішін саралап, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
Қазалы ауданында жыл басынан бергі өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 9,2млрд. теңгені құрап, 2,9 пайызға артты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі бойынша 8 млрд.теңгенің өнімі өндірілген.
Қазіргі таңда ауданда 4075 кәсіпкер бар. Оларда 8852 адам жұмыспен қамтылып отыр. Бұл аудан бойынша экономикалық белсенді халықтың 24 пайызын құрайды.
Биыл аудан кәсіпкерлеріне қаржы ұйымдары тарапынан 1,5 млрд. теңгеден астам несие беріліп, қолдау көрсетілді. Нәтижесінде жыл басынан бері жаңадан 484 кәсіпкер тіркеліп, онда 623 адам жұмыспен қамтылды. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға артық, – деді аудан басшысы.
Брифингте аудан кәсіпорындарының бастамалары жайлы да айтылды. «РЗА» АҚ ірі қара өсіру кешені мен сүт зауытының II-ші кезеңін іске асыру арқылы мал басын 1200 басқа ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ал «Сыр Маржаны» ЖШС «Ет консервісін өндіру және шұжық шығару цехы» жобасын жүзеге асыру мақсатында Иран Ислам Республикасы инвесторларымен меморандумға қол қойылып, жобаны жүзеге асыру пысықталуда.