МЕКТЕПТЕГІ МЕРЕКЕ
Қызылорда қаласындағы №8 П.Д.Осипенко атындағы орта мектепте 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған шара өтті. Ұжым басшысы Карлығаш Сақтағанқызының бастамасымен ұйымдастырылған шара мақсаты балаларға тәуелсіз Қазақстанның өткенін танытып, оның ел болып қалыптасу жолындағы белесін баяндау болатын.
Осыған дейін білім ошағында «Менің бейбітшілік мекенім» атты жас суретшілер байқауы және «Елбасы – зор тұлға» атты тақырыбында шығармашылық байқауы өткізілген болатын. Соның нәтижесінде оза шыққан оқушыларды жас суретшілер жетекшісі А.Рахимова және жас ақындар жетекшісі Н. Жармаханова мектеп басшысының алғыс хатымен марапаттады.
Шарада облыстық, қалалық жарыстардан орын алған оқушылар да назардан тыс қалған жоқ. Сонымен қатар, Нұрсұлтан есімді оқушылар сахна төріне шақырылып, оқушылармен сұхбаттасып, оларға құрмет көрсетілді.
Болгарияда өткен «XXI ғасыр – менің ғасырым» атты байқаудың алтын жүлдегері, мектеп оқушысы Берік Арайлымның «Жаса, Қазақстан» әні шараны қорытындылады.