ҚЫЗЫЛОРДАДА САУЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Орталықтың ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жоба жетекшісіне алғысын білдіріп, жаңа бастамаларына табыс тіледі.
Қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, «Жапбарбергенов» ЖК жүзеге асырған бұл жобаның жалпы құны 360 млн. теңге, оның 140 млн. теңгесі «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несие берілген. Бұл мемлекеттің кәсікерлікті қолдау мақсатында қолға алған игілікті бастамаларының нақты дәлелі.
Сауықтыру кешінің жалпы аумағы 4 мың шаршы метрді құрайды және 50 көлікке арналған автотұрақ қарастырылған. Үш қабатты ғимаратта бассейн, фитнес залы, дәмхана, шаштараз, SPA және басқа да қосымша қызмет көрсету нысандары бар. Заманауи талаптарға сай келетін, сәулеті келіскен ғимарат бір сағатта 120 адамға қызмет көрсете алады.
Ең маңыздысы, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруды басты мақсат тұтқан, әлемдік стандартқа сай келетін бұл кешен 22 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.