ТАНЫМДЫҚ ҚАБІЛЕТ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ АРҚЫЛЫ ДАМИДЫ
Қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен №2 «НұрШұғыла» жеке балабақшасы базасында балалардың ықылас зейінін, сөздік қорын, байқампаздығын, есте сақтау, қабылдауын дамыту мақсатында «Мектеп жасына дейінгі балалардың танымдық қабілетін инновациялық технологиялар арқылы дамыту» тақырыбында аймақтық семинар өткізілді.
Шараға «Сыр Медиа» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Марат Аралбаев пен М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің мамандары қатысты.
Елбасымыздың «Балапан» бағдарламасы аясында 2013 жылы ашылған №2 «НұрШұғыла» жеке балабақшасы 320 баланы тәрбиелеп келеді.
Семинар барысында «Таным» білім беру саласы бойынша «Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру» тақырыбында ұйымдастырылған оқу қызметі мен «Математика әлеміне саяхат» тақырыбында ұйымдастырылған сабақ көрсетілді.
Шарада тәрбиешілер жаңа инновациялық технологияларды кеңінен қолданып, жаңа ғасырдағы математика әлеміне саяхат жасады. Балалар робот – трансформер, электронды оқулықтар көмегімен қызықты математикалық тапсырмаларды орындады.
«Жаратылыстану» оқу қызметінде «Күншуақ» ересектер тобы «Ауа және оның құрамы» тақырыбында қарапайым тәжірибе жүргізді. Оқу қызметі бүлдіршіндерге өте қызықты өтті. Балалар мульт әлеміндегі Фиксики зертханасында түрлі қарапайым тәжірибелер арқылы ауа және оның құрамын анықтады. Балаларға құрғақ мұз арқылы тәжірибе көрсетілді.
Сонымен қатар, «Ойын – біліктіліктің қайнар көзі» тақырыбында көрме ұйымдастырылды. Көрмеде дәстүрден тыс әдістер арқылы жасалған дидактикалық ойындар мен материалдар қойылды.
Семинар қорытындысында қатысушылар ұсыныстары мен ризашылықтарын білдіріп, семинардың жоғары деңгейінде өткендігін айтып, ұжымға шығармашылық табыс тіледі.