ЖАЛҒАН АҚША, ЗАҢСЫЗ ӘРЕКЕТ
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Экономикалық тергеу қызметі облыстық кәсіпкерлер палатасында «Жалған ақша жасаумен қатысты қылмыстармен күресу» тақырыбына бірлескен кездесу өткізді
Мемлекеттік кірістер органдарының экономикалық тергеу қызметінің құзыретінде тергелетін әрекеттердің бірі ҚР ҚК-нің 231 бабы қарастыратын құқықбұзушылықтар.
Жалған ақшамен байланысты қылмыстар жалпы экономикалық қылмыстардың 15 пайызын құрайды.
Оның үстіне жалған ақша жасау, оны айналдыру ақша-несие жүйесінің дамуына айтарлықтай кері әсерін тигізеді.
Жалған ақшаны анықтау оңай емес, мұнда азаматтардың осындай әрекеттер туралы ақпараттануы, құқыққорғау органдарының жалған ақша қолданылған ошаққа тез арада көңіл бөлуі, тексеру шараларының барынша толық және ашық жүргізілуі сияқты факторлар маңызды.
Еліміздің бірқатар өңірлерінде жалған ақшаның көп мөлшері айналымда екені байқалады, соның ішінде Қызылорда облысы да бар.
2017 жылдың басынан бері Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Экономикалық тергеу қызметімен жалған ақшаға қатысты 33 факт тіркелген. Барлық жиыны 108 500 теңге және 700 АҚШ долларының жасанды купюрлары анықталған.
Заңсыз айналымнан алынған купюрлар саны - 40, олардың қатарында 200 теңгеліктен бастап 20000 теңгелік банкноттардың барлық түрі және 100 АҚШ долларлық 7 банкнот бар. 23 купюра банктерден, 4 купюра сауда орындарынан, 2 купюра жанармай құю бекеттерінен, 11 данасы жеке тұлғалардан алынған.
Жалған ақшаның айналымда жүруіне себепті жағдайлар: полиграфиялық және түрлі-түсті көшіргіш жабдықтардың елімізге сырттан әкелінуіне бақылаудың аздығы, оларды жасаушылардың жасырын әрекет ету әдістерінің әртүрлілігі, яғни банкноттың жалған екенін анықтаудың қиындығы.
Жалған ақшаға қатысты істерді жүргізу барысында құқыққорғау органдарының тәжірибесіне жасалған талдау ақшаны жасау және айналдырудың негізгі үш жүйесін анықтады. Олар:
«кәсіпқой топтар» - жалған ақша жасауды және жұмсауды ұйымдасқан түрде жүргізушілер;
«әуесқойлар» - алдын ала келісіп алып әрекет ететін адамдардың тобы;
«дара әрекет етушілер» - жалған ақшаны жұмсаушы жеке тұлғалар.
Қазіргі кезде Экономикалық тергеу қызметі мен облыстық Ішкі істер департаменті және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментімен арада жалған ақшамен байланысты қылмыстар мен құқықбұзушылықтарды анықтау және болдырмау мақсатында өзара бірлесіп әрекеттердің ережесі дайындалуда. Бұл бірлескен әрекеттер жалған ақшаға қатысты кез келген ақпараттың Экономикалық тергеу қызметіне жедел жеткізілуін қамтамасыз ететін болады.
Қаламыздағы сауда орындары мен базарлардың 40 пайыздан астамы бакноттардың түпнұсқалығын анықтайтын детекторлармен қамтамасыз етілмеген. Қолма қол ақшамен жұмыс жасайтын кәсіпкерлердің осындай жабдықтарды алғаны игі болар еді, олардың бағасы да қазіргі рынокта аса қымбат емес.
Сонымен қатар, пластикалық карточкалар арқылы төлем жасаудың тәжірибеге енуі де жалған ақшаның айналымда болуына тосқауыл болар еді.
Мұндай шаралар жеке жолаушы тасымалы, интернет-тапсырыс арқылы тауарлар сату, үйге тапсырыспен тамақ өнімдерін жеткізу сияқты бірқатар қызмет көрсету салаларының «көлеңкеден» шығуына ықпал жасап, бюджетке түсімнің де көзін қамтамасыз етеді.
Н.Әлкебайұлы,
Қызылорда облысы бойынша
Мемлекеттік кірістер департаментінің
басқарма басшысы