ӨНДІРІСТІК АЙМАҚТАР АЯСЫ КЕҢИ ТҮСТІ
Биыл Шиелі ауданында «KazChinNur» ЖШС-ның жобалық құны 150 млн. теңгенің шағылтас және құрылыс бұйымдарын өндіру зауыты іске қосылып, 30 адам жұмыспен қамтылды.
Өңірлік коммуникациялық қызметте өткен брифингте аудан әкімі Әшім Оразбекұлы хабарлағандай бизнесті қолдау мақсатында Шиелі кентінен индустриялық аймаққа 96 гектар жер беріліп, жарықпен, сумен, жолмен қамтамасыз етілді. Аймақ үшін аса маңызды 6 жобаға 62,5 гектар жер телімі табысталды.
Осы жыл соңына дейін индустриялдық аймақтағы «Шиелі Жолшы» ЖШС-нің «Асфальт бетон өндіру» зауытын іске қосу жоспарлануда.
– Туризм саласын дамыту бағытында ағымдағы жылы «BANAS» ЖШС «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасымен жобалық құны 150 млн. теңгені құрайтын «Керемет» сауықтыру кешені мен «Kids Park» балаларға арналған ойын сауық кешені іске қосылып, 17 адам тұрақты жұмыспен қамтылды, – деді аудан басшысы.