КӨГІЛДІР ОТЫН БАҒАСЫ НЕГІЗСІЗ КӨТЕРІЛМЕЙДІ
Бүгінде халық тұтынып отырған көгілдір отын бағасы 19 теңге 94 тиынды құрайды. Алдағы уақытта бағада өсім болмайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов мәлімдеді.
Сонымен қатар, облыста газдандыру қарқынды жүруде. Биыл "Өңірлерді дамыту-2020" бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен Белкөл кентін газдандыру үшін 378,8 млн теңге қаржы қарастырылып, жұмыстар басталған. Нысанды желтоқсан айының басында пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ, "Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауында газ тарату желілерін салу" құрылысына 987 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді.
- Оған қоса, 2018-2020 жылдарға 12 жобаны яғни Сексеуіл, Жосалы, Қамыстыбас, Шоқай, Ақеспе, Ақсуат, Бесарық, Тереңөзек АГТС-нің құрылысы және Жалағаш, Жосалы, Жақсықылыш, Тереңөзек елдімекендерінің кварталішілік газ құбырларының құрылысы үшін республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін 16,4 млрд теңгеге министрлікке бюджеттік өтінімдер ұсынылды. Келер жылға республикалық бюджеттен Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде АГТС орнатумен қоса "БЕйну-Шымкент" магистральды газ құбырынан бұрма-газ құбырының құрылысын бастауға 2,1 млрд.теңге бөліну жоспарлануда, - деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов.