ӨНЕР ҰЖЫМЫНЫҢ «МЕЙІРІМ ӘУЕНІ»
Жуырда облыстық филармонияның ұйымдастыруымен «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Шиелі ауданында «Мейірім әуені» атты концерт өткізілді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ауыл – алтын тамыр екені айтылып, әрбір перзенттің туған елін ұмытпауын, өскен өлкесін ұлықтауын атап көрсеткен болатын.
Осы қағиданы негіз еткен филармония өнерпаздары аймақ елді мекендерін аралап, халыққа рухани азық сыйлауда. Бұл жолғы концертте Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Күлән Қалымбетова бастаған мәдениет майталмандары өнер көрсетіп, шиеліліктерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Қазақтың «Дала қызы» атты биін сахнаға алып шыққан «Томирис» би ансамблі шараны әрлей түсті. Сондай-ақ, «Тұран» триосы, Г.Бисекенова, И.Елубаева, А.Шағдатов, Г.Әлиханова, Д.Есентеміров, О.Нұралиев, Н.Нұраддинова, Р.Үсенов, Б.Найманов сынды әншілер жүректегі жылылықты мейірім әуеніне қоса шырқады. Б.Төлеубаев, Ж.Төлебай, М.Бекпейісов секілді жыраулар жырдан шашу шашып, елдің ықыласына бөленді.
А.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.