СЫРБОЙЫЛЫҚ ЖАСТАР «ЖЫР КЕРУЕНІ» ЭСТАФЕТАСЫНА ҚАТЫСЫП ЖАТЫР
Жас толқын жеткіншектер әлеуметтік желіде «Жыр керуені» өлең сайысына қатысып жатыр. Екі апта бұрын ғана Өңірлік коммуникациялар қызметінің бастамасымен шымылдығы түрілген поэзиялық эстафетаның қазірде географиясы кеңейе түскен. Сыр өңірінен бөлек Ақтау, Атырау, Астана, Алматы қалаларынан да қатысып жатыр.
Әдеби акцияға әсіресе 17 үйірмеге баулитын Арал аудандық оқушылар үйінің мыңға тарта өнерлі өрені белсенді қатысу үстінде. Жас буын өкілдері Отанға, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін жырымен жеткізіп жатыр. Ұлттық өнерді ұлықтаған акцияға қатысу оп-оңай. Көңіліңіз қалаған отандық ақынның немесе өз туындыңызды оқып, бейнежазбаны #жыркеруені# хэштегімен әлеуметтік желіге жүктеп, келесі адамға эстафетаның жыр таяқшасын ұсынсаңыз болғаны.