МІНДЕТТЕМЕЛЕРДІҢ ОРЫНДАЛУЫ ҰДАЙЫ БАҚЫЛАУДА
Облыс аумағында жер қойнауын пайдаланушы 97 компания бар. Көмір сутегі шикізатын барлау және өндіру, қатты пайдалы қазбаларды, жер асты суын барлау, емдік балшықты, кең таралған пайдалы қазбаларды барлау немесе өндіру жұмыстарымен айналысатын лсы компаниялар 81 келісімшарттың негізінде жұмыс жүргізуде.
Аймақтық индустриялдық-инновациялық даму басқармасының есебінше осы жылдың сегіз айында облысымыздағы мұнай операторлары 4587,4 мың тонна мұнай өндіріп, бұл көрсеткіш 2016 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 87,9 пайызды құрайды.
Облыс әкімі Қ.Көшербаевтың төрағалығымен өткізілген есепті мәжілісте облыстың кең таралған пайдалы қазбаларға жер қойнауын пайдаланушыларының келісімшарттық міндеттемелердің орындалуы бойынша есеп берілді.
Мәжіліс қорытындысы бойынша Қызылорда аймақтық геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясына, тиісті басқармалар мен аудан әкімдіктеріне тиісті тапсырмалар берілді.
Облыс әкімінің төрағалығымен мұнай-газ секторының, уран өнеркәсібінің дамуы, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сатып алынуы бойынша қазақстандық мазмұнды дамыту жөніндегі кеңейтілген мәжілісті ұйымдастыру және тиісті ақпараттар дайындау бойынша жұмыстар жүргізілді.