ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ЕСКІ ЖАРЫҚ ЖЕЛІЛЕРІ ЖАҢАРТЫЛЫП ЖАТЫР
Қызылорда облысында ескі жарық желілері жаңғыртылуда. Аймақта халық санының артуына орай инфрақұрылым тартылмаған жерлерге қоныстанушылар қатары артқан.
Соның бірі Сабалақ саяжайы. Мұнда кезінде 100-ге жуық ғана үй болған. Ал қазір 3 мыңға жуық тұрғыны бар үлкен елді мекенге айналды. Олар кезінде өз күштерімен электр желілерін тартып алғанымен, жарықтың кернеуі өте төмен еді. Осы мәселені шешу үшін биыл жергілікті бюджеттен 100 миллион теңге бөлініп, тиісті талапқа сай жарық желісі 26 шақырымнан астам ұзындыққа тартылды. Сонымен қатар 4 қосалқы станция орнатылды. Жалпы соңғы екі жылда облыста 100 шақырымнан астам иесіз электр желілері жаңартылып, меншікке алынған.
- Иесіз желілерді 360 шақырымнан 260 шақырымға дейін азайттық. Сондықтан қазір ол жерде жобалық-сметалық құжаттар облыстық бюджет есебінен дайындалып жатыр. Сол жобалық-сметалық құжаттар дайын болғаннан кейін келесі жылдары қаржы бөлінсе, сол жұмыстар әрі қарай жалғасын табады, – дейді «Қызылорда электр тораптары компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Мұхитжан Кәрімбаев.