АУДАН ДИҚАНДАРЫ НАУҚАНДЫ ТАБЫСТЫ АЯҚТАДЫ
Сырдария ауданында ауыл шаруашылығы дақылдарынан майлы, дәнді дақылдар, бақша және көкөніс, картоп, сонымен қатар ет және сүт бағытындағы мал өсіріледі.
Аудандағы негізгі саланың барлық бағытында өсім бар. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте аудан әкімі Ғ.Қазантаев мәлімдеді.
Жыл сайын жоғарғы көрсеткіштерге жетіп жүрген аудан диқандары биылғы жылды да табысты қорытындылап отыр. Осы жылғы қаңтар-қазан айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 9 млрд.818,6 млн. теңгені құрап, 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсімі 102,6 пайыз болып отыр.
Аудан бойынша 32616 гектарға ауылшаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде, аудан бойынша егілген 20819 гектар күріштен 114 мың 565 тонна күріш салысы жиналып, әр гектардан 55 центнерден өнім алынды, – деді аудан басшысы.