«НҰРЛЫ ЖҮРЕК» I ОБЛЫСТЫҚ ФОРУМ ӨТТІ
Бүгін облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен алғаш рет «Нұрлы жүрек» атты I облыстық қайырымдылық жасаушылар мен меценаттардың форумы өтті. Елбасының көтерген рухани жаңғыру туралы бастамасы барлық азаматтарды жаңа идеяның аясында біріктіретін, елімізді ортақ мұратқа ұйыстыратын тұжырым болып отыр. Мемлекет басшысы ұсынған әлеуметтік-идеологиялық жобалардың бірі «Туған жер» бағдарламасы. Осы бағдарлама аясында еліміздегі барлық қайырымдылық іс-шараларының үйлестірушісі ҚХА туған жеріне, өсіп-өнген өлкесіне көмек жасауға талпынған азаматтарды қолдау және ынталандыру бағытында игілікті істер атқарып келеді. Маңызы жоғары шараға облыстағы қайырымдылық жасаушылар мен меценаттар, облыстық ҚХА құрылымдары, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенді мүшелері, жас кәсіпкерлер, басқарма қызметкерлері, қалалық және аудандық кәсіпкерлер және үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Форумның мақсаты – Сыр өңіріндегі қайырымдылық жасаушы меценаттар мен кәсіпкерлерді қолдау, осы бағыттағы барлық ұйымдар мен азаматтардың бірлесуіне жәрдемдесу болып табылады.
Шараға қатысушыларға лебізін арнаған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов жомарт жүректі 12 азаматты марапаттады.
Форумда мұқтаждарға мейірімділік танытып, осы бағытта қарымды жұмыстар атқарып жүрген «Нұрай» ЖШС директоры Сейітқали Алшынбаев пен «Ел Арай» қоғамдық қорының директоры Асхат Байдәулетов сөз сөйлеп, бүгінгі бастаманың баянды боларына сенім білдірді. Қайырымды азаматтардың қолдауы арқасында баспаналы болған Назерке Кадирова жомарт жандарға ризалығын жеткізді.
Кәсіпкер Майя Наримова меценаттықпен айналысатын бизнес өкілдері қабылдаған үндеуді оқыды.
Форум соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Облыстық Қазақстан халқы
ассамблеясының баспасөз қызметі