АРАЛДА ЕЛ ҚУАНАР ЖАҢАЛЫҚ КӨП
Арал аудандық мәдениет үйі мен саладағы мекемелер жыл басынан бері 865 мәдени іс-шара өткізді. Бұл туралы аудан әкімнің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мамандары Қазақстанның халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаевтың 70 жылдығына орай Алматы қаласында өткен еске алу кешіне үлес қосты. Сонымен қатар, Қызылорда қаласында ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Мырзан Кенжебайдың 70 жасқа толуына орай «Өнермен өрнектелген – өмір жолы» атты шығармашылық кеш өткізілді.
Сондай-ақ, ауданымызда Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында Арал өңірі балықшыларының III-ші слеті, ақын Нұртуған Кенжеғұлұлының 130 жылдығы, Зейнолла Шүкіровтің 90 жылдығы, белгілі қоғам қайраткері, бұрынғы ҚазССР балық шаруашылығы министрі Құдайберген Саржановтың 80 жасқа толу мерейтойы ұйымдастырылды.
Осы қатардағы шаралар легі тарихы бай Қарақұм ауылының құрылғанына 60 және осы мекеннің іргетасын қалаушы Байжан Бижановтың туғанына 100 жыл, Қамыстыбас елді мекеніндегі білім ошағының 100 жылдығына орай өткен шаралармен жалғасты.
Үстіміздегі жылдың сәуір айында Ырғыз ауданында Арал аудандық мұражайының «Өнер мен дәулет қонған жер» атты көрмесі өтті. Апталық шара аудандық мәдениет орталығы өнерпаздарының «Аралым айдын шалқарым» атты концертімен қорытындыланды.
Ағымдағы жылдың 4-5 тамыз күндері Аралда Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының мәдени күндері өткізілді.
Қаладағы №220 мектеп жанындағы Ауған соғысына қатысушыларға қойылған ескерткіш аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға қайтадан жаңғыртылып, 9 мамыр Жеңіс мерекесі қарсаңында ашылды. Қазіргі уақытта ескерткіш Ауған соғысы, Чернобыль апаты және Семей полигонында құрбан болған азаматтарды мәңгі есте қалдыратын, оларға тағзым ететін киелі орынға айналды.