АЙМАҚ БАСШЫСЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Облыс орталығындағы «Достық» үйінде «Белсенді азаматтық қоғам – мықты Қазақстан» тақырыбында жиын өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, аймақтағы азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті.
Жиынды «Қызылорда облыстық Азаматтық Альянсы» Қауым¬дастығының төрайымы А.Сунгур жүргізді. Кездесуде облыс әкімі алғы сөз сөйлеп, аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Біз мұнай саласында ғана оңды жағдайды еңсере алмай отырмыз. Бұл – өнеркәсіп өнімінің көлемі бойынша объективті салдары бар жағымсыз жалғыз көрсеткіш. Дегенмен, аймақта басқа да атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Экономиканы әртараптандыру жұмыстары өз нәтижесін беруде. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі бойынша алдыңғы қатарлы өңірлердің қатарындамыз. Қызылордада құрылыс жұмыстарының қарқын алғаны белгілі. Ауыл шаруашылығы саласында да оң нәтиже байқалып отыр. Биыл 500 мың тоннадан астам Сыр маржаны жиналды. Білім саласында да ауыз толтырып айтарлық жетістіктер бар. Мектеп бітірген түлектердің 97 пайызы жоғары және арнаулы орта оқу орындарына түскен. Бүгінде Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында біздің 452 түлегіміз сол елдің грант негізінде білім алуда, – деді облыс басшысы.
Қазір Сырдарияның сол жағалауында құрылыс жұмыстары жүріп жатқаны белгілі. Онда бұрынғы Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының нұсқасы бойынша облыстық музей салынуда. Оның бір жағы мұражай да, екінші жағы Рухани жаңғыру орталығы болатынын айтқан облыс басшысы бұл жетістіктерге үкіметтік емес ұйымдардың да қосқан үлесі бар екенін атап өтті.
Шарада бірқатар азаматтарға облыс әкімінің алғыс хаты табыс етілді.
Жиын барысында «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы А.Баймаханова экологиялық бағыттағы жұмыстарға тоқталса, «Қызылорда облыстық Азаматтық Альянсы» Қауымдастығы Байқоңыр қаласындағы филиалының жетекшісі Б.Қалиянова жұлдызды қаладағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын баяндады. Сондай-ақ, «Ұмай» емдеу-тәрбиелеу балалар қайырымдылық үйінің директоры, БҰҰ жанындағы балаларға көмек беру төтенше қорының аймақтағы бағдарламалар үйлестірушісі, А.Ізден қоғамдық сананы жаңғырту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды әңгіме арқауына айналдырды. «Жас ғалымдар альянсы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхана жетекшісі Н.Аппазов ғылыми жұмыстар туралы ойларымен бөлісті.
Кездесуде басқа да үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері өз ойларын ортаға салды.