АМЕРИКАЛЫҚ ФАНАТТАР ДИМАШ ҚҰДАЙБЕРГЕНДІ ҚҰШАҚ ЖАЯ ҚАРСЫ АЛДЫ
Аты әлемді шарлаған жерлесіміз Димаш Құдайберген әлемдік турнеге аттанатынын айтқан еді. Әнші халықаралық деңгейдегі гастрөлін АҚШ-тан бастаған. Бұл туралы АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі хабарлады, деп жазады Stan.kz.
Америкалық фанаттар Димашты Лос-Анджелес әуежайында сән-салтанатпен күтіп алған. Олардың арасында Димаш үшін мұхит асып, Қазақстанға келген Патрис Груллион да бар. Естеріңізде болса, 60-ты алқымдаған Патристің Димаш үшін қазақ тілін үйреніп жүргенін хабарлаған едік.
Әнсапары барысында Димаш Америка елшілігінде болып, елші Джордж Кролмен жүздесті.
Естеріңізде болса, бұған дейін Димаштың әні Голливудта өткен Нollywood music in media awards марапаттау кешiнде «Үздік саундтрек» номинациясы бойынша жеңіске жеткен еді.