СЕМИНАРДА АУДАРМА ЖӘНЕ ТЕРМИНОЛОГИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
«Өрлеу» біліктілігін арттыру Ұлттық орталығы» облыстық филиалының мәжіліс залында Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Аударма және терминология мәселелері» тақырыбында облыстық семинар өткізілді.
Мемлекеттік қызметшілердің іс қағаздарын жүргізудегі сауаттылығын арттыру, терминдерді пайдалануда бірізділікті қалыптастыру, терминдердің дұрыс әрі орынды қолданылуын қамтамасыз ету, қызметкерлердің тілдік танымдық деңгейін көтеру, мемлекеттік қызметшілерді «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен, осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен таныстыруды көздеген семинарға облыс әкімі аппаратының, облыстық басқармалардың, аумақтық департаменттер мен инспекциялардың, қалалық, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің тілге жауапты мамандары, филолог-ғалымдар, тілдерді оқыту орталығының қызметкерлері қатысты.
Семинарда «Терминологияны жүйелеу – тіл дамытудың басты шарттарының бірі», «Жаңа әліпби – лингвистикалық егемендігіміздің белгісі» тақырыптарында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к. А.Абасилов, «Термин және аударма мәселелері» тақырыбында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының доценті, ф.ғ.к. А.Әбілов, «Практические проблемы перевода» тақырыбында И. Әбдікәрімов атындағы Қызылорда жоғары аграрлық-техникалық колледжінің орыс тілі мен әдебиетінің жоғары санатты оқытушысы Ш.Жеңсікбаева, «Аударма ісінің қазіргі жай-күйі және проблемалары» тақырыбында Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Б.Байділдаева баяндама жасады.
Семинарға қатысушылар терминология және аударма мәселелері жайлы ой-пікірлерін білдіріп, сұрақ-жауаптар алысты, аударма саласын одан әрі жетілдіру бағытында ұсыныстар жасалды.