ӨРТТІҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
2017 жылғы есепті кезеңде облыс бойынша 446 өрт оқиғасы орын алды. Өрт оқиғасынан 3 адам қаза болған екен. Оның 1-еуі бала, жарақат алғандар саны 9 адам. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Р.Қайрақбаев мәлімдеді.
Облыс бойынша 2016-2017 ж.ж жылу беру маусымы уақытында тұрғын секторда 218 өрт оқиғасы, 22 түтінге және табиғи газға улану фактісі тіркелген. Олардан барлығы 61 адам, оның ішінде 20 ересек, 41 жасөспірім зардап шегіп, емдеу орындарына жүгінген. 2 адам газ баллонындағы сұйытылған газға улану фактісі бойынша қаза болған.
- Өрт қауіпсіздігі айлығы кезеңінде өртке қарсы түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында 66616 рет тұрғын үй секторының ауласы араланып, 329102 адамға үгіт насихат жұмыстары жүргізілді. Көп қабатты үй тұрғындарымен 331 рет кездесу жұмыстары атқарылып, соның ішінде электр және газ баллон жабдықтарын, пешті және газ пешті орнату қолдану туралы өрт қауіпсіздік талаптарына назар аударылып 6118 адам қамтылды. Қазіргі уақытқа дейін жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, әлеуметтік-нашар және көп балалы отбасылар, халықтың қауқары аз топтарына 72 рет рейд жұмыстары жүргізіліп, 489 адам қамтылды, - дейді Р.Қайрақбаев.
Сондай-ақ жиында «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының Өндірістік техникалық бөлімі бастығының орынбасары А.Ким газ құралдарын және газбен жылыту пештерін қолдану ережесін сақтау туралы айтты. Ал, Облыстық медициналық орталықтың токсиколог-дәрігері Е.Алдабергенов журналистерге көмір-қышқыл газынан уланып ауруханаға түскендер статистикасын келтірді және көмір-қышқыл газына уланған жағдайда атқарылуы қажет іс-әрекет ережесі туралы әңгімеледі.
Баспасөз мәслихаты соңында жылу беру маусымында төтенше жағдайды болдырмау және оның алдын алу бағытында облыс тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауы қажеттігі жөнінде айтылды.
Айгүл Нұрманова,
Қызылорда облысы ТЖД
Мемлекеттік тіл және ақпарат тобының
бас маманы