ҚЫЗЫЛОРДАДА МАТЕМАТИКАДАН «ТАЙМАНОВ ОҚУЛАРЫ» ӨТТІ
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 80 жылдық мерейтойы аясында Асан Дабысұлы Таймановқа арналған «Қазіргі заманғы математика: өзекті мәселелері мен қолданылымдар» тақырыбында «Тайманов оқуларының» ашылу салтанаты өтті.
Шараға ғалымның қызы Надежда Асанқызы қатысты. Сонымен қатар, Қазақстан және Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының басшылары мен ұстаздары, профессордың әріптестері мен оқушылары келді.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысушыларды кезекті оқулардың өтуімен құттықтап, Асан Таймановтың математикаға қосқан үлесін айтты.
– Асан Дабысұлы 1947-1954 жылдар аралығында Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының жоғары математика кафедра меңгерушісі қызметін атқарды. Кафедра жанынан алғаш рет жас математиктер үйірмесін ашып, ғылыми семинар, математикалық конкурстар және студенттер мен оқытушыларға кеш өткізуді тәжірибеге енгізді. Қазір ғалымнан дәріс алған сол кездегі студенттердің көпшілігі қазір ғылымда үлкен жетістікке қол жеткізді. Ғалымның бастамасымен математикадан қалалық және облыстық олимпиада өткізілді. Бұл республика бойынша математикадан ұйымдастырылған алғашқы олимпиада болатын, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Шара аясында секциялық отырыстар мен тақырыптық көрмелер ұйымдастырылады.
Асан Дабысұлы Тайманов кеңестік ғалымдарының процесстерді математика арқылы модельдеу теориясының негізін қалаушыларының бірі болды. Ғалым физика және математика пәндері бойынша кафедра, зертхана, мектептер ашып, олимпиадалар өткізу, арнайы үйірмелер мен басылымдарды ұйымдастыру және дарынды жастарға атаулы шәкіртақы тағайындаудың бастамашысы болған. Оның КСРО ҒА (президенті – Л.В.Келдыш) тапсырмасы бойынша Байқоңырдан зымырандарды ұшыру траекториясын есептеген еңбегін де елі ұмыта қойған жоқ.