АРАЛДА АПАТТЫ МЕКТЕПТЕР МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАПТЫ
Жыл басынан бері Арал ауданында 12 272 шаршы метр құрайтын 111 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте аудан әкімі М.Оразбаев хабарлады.
Биылғы жылы «Қолжетімді баспана 2020» бағдарламасы аясында Арал қаласында 2 бір пәтерлі коммуналдық арендалық тұрғын үй салынып, «2020 жылға дейінгі Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 11 кондоминимум нысаны күрделі жөндеуден өткізілді.
– Биыл 14 нысанның құрылысына 3,3 млрд. теңге қаржы қаралды. Үстіміздегі жылы апаттық жағдайдағы Көктем, Үкілісай, Аққұлақ, Ерімбетжаға және Ескіұра негізгі мектептерінің ғимараттары жаңадан салынып пайдалануға берілді. Ал, салынып жатқан Құланды орта мектебі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Облыстық бюджет есебінен 300 орындық №14 мектеп – лицей ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Жалпы ауданда 7 мектептің құрылысы жүріп, аудандағы апаттық жағдайдағы мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты, – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, 150 орындық аудандық орталық аурухананың, 2 коммуналдық арендалық тұрғын үйдің, Сексеуіл кентінде спорттық сауықтыру кешені мен учаскелік полиция бөлімшесінің, 3 спорт алаңының құрылыстары салынды.