ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУЫҢ ТІК
«Байқоңыр Инвест» инвестициялық форумы аясындағы «Туған жерге тағзым» атты секция модераторы, облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов осы жолғы инвестфорумның ерекшелігі – аймақ басшысының бастамасымен туған жер тақырыбының енгізілуі екенін атап өтті.
Секция жұмысын облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ашып, құттықтау сөз сөйледі.
– Ықылым заманнан бері Ұлы далада «еліңде кімің бар?» деп сұрақ қоятын дәстүр бар. Тұлғалы, қабырғалы азаматтар арқылы елдің келбеті қалыптасады. Елге қажет болғанда жау бетке – білектісін, дау бетке жүректісін қояды, жарастыққа жақсыларын жұмсаған. Біздің Сыр елінен шыққан қабырғалы азаматтар мол, олар елдің ішінде жүрсе де, сыртта жүрсе де біздің мақтанышымыз, – деді аймақ басшысы өз сөзінде.
Өскелең ұрпақ ардақты азаматтарға қарап бой түзеп, замана шақыруларына лайықты жауап бере алса, елдің тұтқасына айналады. Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «алдымен экономика, сосын саясат» деген ұстаныммен елдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне баса мән берді. Саясат алға шығып кеткен мемлекеттердегі бейберекет тірлік біздің көз алдымызда болып жатыр. Қазір Орта Азия елдеріндегі инвестицияның 87 пайызы Қазақстанға келген. Бұл – Елбасының сарабдал саясатының нәтижесі. Енді адам мен сананың сапасына көңіл бөлетін кезең келді. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында патриотизмнің бастауында кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншілік тұратынын атап көрсеткен.
Рухани жаңғыру дегеніміз – сананың жаңғыруы. Тәуелсіздіктің құндылығын жастарға да, жасамыс кісілерге де түсіндіру керек. Азаттықтың елең-алаң шағында Елбасы үстелінде Қызылорда облысын тарату мен Арал өңірі халқын көшіру туралы шешімнің жобасы жатты. Бірақ Сыр бойындағы Сақтардың астанасы – Шірік Рабаттың, Оғыз империясының астанасы – Жанкенттің, Қыпшақ империясының, Қазақ хандығының астанасы – Сығанақтың, Қазақ Республикасының астанасы болған, «қазақ» деген ұлт атауы ресми түрде қайтарылған – Қызылорданың киесі мен қасиетін сыйлап, инфляция мен дағдарысқа қарамастан, облысты сақтап қалу туралы шешім қабылданды. Содан Арал үшін күрес басталды. Бүтін теңізді сақтай алмасақ та, оның солтүстік бөлігін сақтап қалуға, атакәсіп – балықшылықты қайта жандандыруға бетбұрыс жасалды. Ол кезде бұл жобаның жүзеге асатынына сенгендер де, сенбегендер де болды. Елбасы «тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерімізді бір ғана Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуынан байқауға болады» деген еді.
Соңғы 3-4 жылда ел басқарған азаматтардың туған жерге деген түзу ниеті мен жанашырлығының арқасында көп жұмыстар атқарылды. 2012 жылдың қорытындысымен барлық көрсеткіш бойынша Қызылорда облысы 16 аймақтың ең соңында еді. Ал қазір біздің өңір жақсы дамып келе жатқан, маңдайалды 5 аймақтың қатарына кірді. Соңғы жылдары республика бойынша әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ең көп қаржы бөлген біздің облыс болып отыр.
Мұнай өндіру саласындағы дағдарыс экономиканы әртараптандырудан басқа амал жоғын көрсетті. Осы бағытпен іске қосылған 20 өндіріс өнеркәсібінің 17-сі толыққанды өнім шығарып тұр. Өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша аймақтардың ең алдындамыз. Құрылыс Қызылорда қаласында 8 есеге өсті. Алдағы жылы бірқатар ірі өндіріс орындарының жұмысы, кейбіреулерінің құрылысы басталады.
Аймақ басшысы іргесі қаланғанына екі ғасыр болған Қызылорда қаласын Сырдарияның сол жағалауына қарай дамытудың қарқыны туралы айтып берді. Қызылорда астана болған кездегі ҚазЦИК ғимаратының сызбасы архивтен табылып, қазір сол жағалаудағы музей құрылысы осы жобамен салынып жатыр. Бұл ғимаратқа Рухани жаңғыру орталығы да орналаспақ.
Сыр елі – Алаштың анасы болғандықтан, рухани жаңғыру мәселесінде ньюсмейкер болуы керек. Бұл орайда барлық жаңалықтар, ұлтымыздың мүддесі мен рухани жетілуіне, ұйысуына, рухани құндылықтарды дәріптеуге қатысты бастамалар Сыр елінен бастау алуы тиіс.
Одан әрі аймақ басшысы жастарды қолдауда, білім беруде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Облыс әкімінің тұрмысы төмен, ата-анасының мүмкіндігі шектеулі ауыл жастарына, Ресей Үкіметінің бюджеті есебінен Мәскеу мен Петербордың маңдайалды техникалық жоғары оқу орнында оқып жатқан жастарға жасаған қамқорлығы – болашағын бүгіннен ойлаған жасампаз шешім. Қазір 642 бала облыс әкімінің грантымен, 452 бала Ресей жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Алдағы жылдан бастап Мәскеу Мемлекеттік Университеті физика-математика мамандықтарына 20 грант бөлетін болды. Сонымен бірге 2018 жылы Ресей жоғары оқу орындарын бітіруші түлектердің барлығын жұмысқа орналастыру мәселесі толығымен шешім тапты.
– Сыртта оқыған жастардың туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілігі ерекше болады. Жақында Мәскеудегі студенттермен кездескенімде, олардың бөлмелерінен қазақтың күйлері жазылған дискілерді, Туымызды көрдім. Бір жас жігіт Қызылордада жүргенде домбыра үйренуге мән бермепті. Қазір соған ден қойып жүр екен. Міне, осындай жастарды қолдау, демеу керек деп ойлаймын, – деді аймақ басшысы.
Ресей ЖОО-ларын бітіруші жастардың ең таланттыларын «Сколково» инновациялық орталығының магистратурасына оқыту да жоспарланған. Өйткені білімді жастардың елге қайтқанынан гөрі, сондай орталықта тәжірибе жинақтағаны, кейін сол тәжірибесін елдің игілігіне жаратқаны пайдалырақ.
Секция жұмысына қатысқан композитор Кеңес Дүйсекеев рухани жаңғыру іс жүзінде бұдан біршама уақыт бұрын басталып кеткенін айтты. Қызылордада «Туған жер», «Сәлем саған, туған ел» сияқты әсем әндердің авторы атындағы конкурс дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Композитор жас таланттарды қолдау, қазақ әнін дүние жүзіне таныту жолында еңбек етіп келе жатыр.
– Қазақтың кең даласында таланттар көп. Біз оларды тауып, туған жеріне қызмет жасауына мүмкіндік бере алсақ, еңбегіміздің ақталғаны, – деді композитор.
Басқосуда «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп аймақтың соңғы жылдардағы даму үрдісін «Сырым менің, сырласым» атты деректі әңгімелер жинағына арқау етіп, қаламгерлік, перзенттік парызын өтемек ниеті бар екенін, сондай-ақ ғарыш тақырыбында шығарма жазу көптен бері ойында пісіп жетілгенін айтты. Н.Жүсіп жас тілшілерді «Айқын» газетінде тағылымдамадан өткізу, Сыр өңірі туралы жаңа әндерге конкурс жариялау туралы ұсыныстарын жеткізді. Оған қоса Қызылорда облысының фотошежіресін жүйелеп, байырғы фототілшілер Б.Омарәлиев пен С.Хутаевтың суреттерін цифрлық форматқа көшіру, Сыр бойының жыраулық дәстүрін насихаттау, туған жерді көгалдандыру үшін «1001 ағаш» акциясын бастау туралы ойларын айтты.
Секция жұмысына қатысқан «Нұр-мүбарак» университетінің проректоры Шамшәдин Керім дінтанушылар мен имамдарды, теолог мамандарды даярлауда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сыр өңіріндегі діни ахуалдың тұрақтылығына жоғары баға берді. Білікті теологтар даярлаудағы ынтымақтастықты арттыру туралы ұсыныс білдірді. Айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан жырдан шашу шашып, туған жерге құрметін жеткізді.
«Сыр бойы»